Мәдениет

Ақын, аудармашы, публицист Зейнолла Әкімжановты еске алу кеші өтті

Әдебиет пен публицистикада ойып тұрып орын алған тұлға. Шараға жиналғандар Зейнолла Әкімжановты дәл осылайша сипаттауда. Біртуар жерлесіміз саналы ғұмырын журналистика мен шығармашылыққа арнады. Ақын туған жер, сұлулығы талайды тамсандыратын табиғат, махаббат пен батыр-жырауларды туындыларына арқау етті. 40 жылдан астам уақыт облыстық газетте еңбек етіп, өткір проблемаларды қозғады. Мұндай батылдығы мен өжеттігі бала кезінен-ақ байқалған екен.

Арыстан Әкімжанов, Зейнолла Әкімжановтың немере інісі:

– Ол өте дарынды, батыл кісі болатын. Кішкентай болса да барлығымыз оны тындайтынбыз. Мінезі тентек болатын. Ешкімді тыңдамайтын, тек өз дегенін істейтін. Өмір соңына дейін осындай бірбеткей болды. Тағы бір ерекшелігі ол энциклопедия сияқты болды. Мектеп кезінде, студент шағында шығарған өлеңдерін де жатқа білетін.

Шараға әдебиет майталманының ізбасарлары да қатысуда. Самрат Құскен бүгінде Зейнолла атамыздан қалған мол мұраны жастар арасында дәріптеп келеді. Жуырда ол біртуар ақынның осыған дейін халық арасында таныла қоймаған жыр жинағын тауыпты. Алдағы уақытта туындыны әлеуметтік желіде әдебиетсүйер қауымға таныстыруды жоспарлап отыр. Себебі, Зейнолла Әкімжановтың кез келген мақаласы мен шығармасы тарихтан сыр шертіп, оқырмандарды тың біліммен сусындатады дейді азамат.

Самрат Құскен, ақын:

– “Мизамшуақ”, “Жерұйық” жинақтарынан кейін жарық көрген тағы бір “Нұрлы шуақ” деген кітабы бар. Ол 2008 жылы Алматы қаласында 150 данамен басылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқаш Қоспановқа арналған.

Көзі тірісінде Зейнолла Әкімжанов өз еңбектерін жинап, кітап шығаруға аса талпынбады дейді үзеңгілестері. Өмірден өтер алдында ақын жолдастарының біріне хабарласып, өлең, мақала мен поэмаларын жарыққа шығаруды аманат етіпті. Бүгінде әдебиет майталманының аманаты орындалды. Еске алу кешінде Зейнолла Рамазанұлы шығармалары басылған “Оттай ыстық Отынағаш” кітабының тұсауы кесілді.

Эльмира Садвокасова