МТРА жаңалықтары

230 мыңнан астам теріскейлік иммундау шарасының толық курсынан өткен

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхаррам Шәкімов зейнетке шықса да халық арасында көп жүріп, қоғамдық істерге белсенді ат салысады. Пандемия өршіп тұрған шақта – өткен шілде айында 75 жастағы қарт вирус жұқтырып алыпты. Абырой болғанда, ауруды жеңіл өткерген екен. Осыдан кейін зейнеткер COVID-19-ға қарсы екпе алуға шешім қабылдаған.

Мұхаррам Шәкімов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Вакцинаның екеуін де алдым. Ресейлік екпені салтырттым. Екпеден кейін еш жерім ауырған жоқ. Бәріне екпе алу қажет, қорықпау керек. Жерлестерімізге айтарым, халық көп жиналатын тойға, батаға байқап бару керек.

Мұхаррам Шәкімовтың қатарластары да халықты екпе алуға шақырады. Галина Айдакова вакцинаға сену керек дейді. Бастапты кезеңде зейнеткердің жақындары екпенің күшіне күмәнмен қараған екен. Салдарынан араларында өмірден өткен жағдайлар кездескен.

Галина Айдакова, зейнеткер:

Биыл коронавирустан жақын туысым көз жұмды. Туған әпкем де індеттен ажал құша жаздады. Осының барлығын бастан өткергеннен кейін отбасымызбен иммундау шарасынан өту туралы шешім қабылдадық. Екпенің ешқандай кері әсері байқалмады. Жер бетін жайлаған инфекцияны жеңудің ең тиімді жолы – вакцинация. Сондықтан, баршаны екпе алуға шақырамын.

Елімізде 9 айдан бері вакцинациялау науқаны жүріп жатқаны мәлім. Бүгінге дейін 8 млн-нан астам отандасымыз екпенің 1-ші компонентін қойдырған. Ал 7 млн 235 мыңы иммундау шарасының толық курсынан өткен. Оның 230 мыңы – солтүстікқазақстандықтар.

Дана Ешкенова