Қоғам

Техникалық оңалту құралдарына онлайн тапсырыс беруге болады

Порталға кіргенде бірден электрондық цифрлық қолтаңбаны жазу керек. Жеке деректер енгізілгеннен кейін экранда қызмет түрлері пайда болады. Соның бірін Гүлайым Көкебаева таңдауда. Оның ұлына ортопедиялық аяқ киім керек. Ол үшін нәзікжандының қасындағы маман “Оңалтудың техникалық құралдары бөліміне” өтті. Мұнда қажетті заттың түсі мен санын, жеткізілетін мекен-жайын көрсетті.

Гүлайым Көкебаева, қала тұрғыны:

– Менің балам 18-де, жүре алмайды. Сол үшін орнына өзім келіп отырмын. Бүгін балама аяқ киім рәсімдедім. Бұл үшін көп болса 5 минуттай ғана кетті. Енді дәрігерлер аяғының размерін өлшейді. Көп болса 1 айға созылады деп ойлаймын.

Мүгедектігі бар жандар арнайы порталдан протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарға және кресло-арбаларға, сондай-ақ гигиеналық құралдарға да тапсырыс бере алады. Өздігінен жүре алмайтындарға қажетті заттарды жақындарына рәсімдеуге болады. Әрі портал арқылы санаторлық-курорттық емге де қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Юлия Біржанова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

Техникалық оңалту құралдарын үйде отырып та рәсімдеуге болады. Порталды қалай қолданарын білмейтіндер болса, біздің бөлімге келіп, мамандардың көмегіне жүгіне алады. Қызметке тапсырыс беру үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба ғана керек. ЭЦҚ болмаған жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталығына барған жөн.

Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталына солтүстікқазақстандықтардан 4 мыңға жуық тапсырыс келіп түскен. Әзірге, оның 3,5 мыңы рәсімделген.

Алтынай Казиканова