Петропавлда трансформаторлар жаңартылып жатыр

Энергетика

23:38 20 Қазан 2021

YouTube Embed: No video/playlist ID has been supplied

Бұл – 110/10 киловольттық №3 Петропавл қосалқы станциясы. Мұндағы трансформаторлар қаланың орталығында орналасқан 12 мыңға жуық абонентті электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Қондырғыларға 40 жылдан астам уақыт болған. Соңғы уақытта жиі бұзылып, салдарынан түрлі мәселе туындайды екен. Сол себепті, бүгінде трансформаторлар жаңасына ауыстырылып жатыр.

Виталий Фесько, «СҚ ЭТК» АҚ бас директорының орынбасары:

Біз қыркүйек айында отандық «Alageum Electric» компаниясынан 25 мың киловольт амперлік трансформатор сатып алып, орнаттық. Қазір ол тексерістен өтіп жатыр. Қондырғыны Шымкент қаласынан әкелдік. Ескі трансформатордың қуаттылығы 16 мың киловольт ампер болатын. Жаңа құрылыс нысандары пайда болысымен оның күші азайды. Қараша айында осында тұрған екінші трансформаторды да жаңасына ауыстырамыз.

Ал ескі трансформаторды мамандар Аяған Шәжімбаев көшесінің бойындағы №1 қосалқы станцияға апарып орнатқан. Оң өзгерістердің арқасында орталықтағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды электрмен қамту сапасы артқан.

Виталий Фесько, «СҚ ЭТК» АҚ бас директорының орынбасары:

Жаңа трансформаторға 25 жыл кепілдік берілген. Негізі мұндай қондырғы 50-60 жылдай үздіксіз әрі жөндеусіз жұмыс істей алады. Қондырғының бағасы шамамен 120 млн теңгені құрайды.

Мұндай шаруа Жұмысшы кентінде де қолға алынған. Соңғы жылдары осындағы тұрғындардан арыз-шағым көп түскен. Бұрындары айына үйлердегі жарық 2-3 реттен өшіп тұрыпты. Осыған орай былтыр мамандар аталған аудандағы трансформаторлардың бірін жаңасына ауыстырған. Қазір қосалқы станцияны жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Александр Сивенков, «АСБ Электромонтаж» ЖШС инженері:

Қазір станцияны автоматтандырып жатырмыз. Өзгерістер орын алған соң, станция жедел диспетчерлік орталық арқылы қашықтықтан басқарылады. Бұрынғыдай жылжымалы бригада жіберудің қажеті туындамайды. Яғни, қолмен атқарылатын жұмыс азаяды. Шаруаны жақында аяқтаймыз.

«Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері халықты сапалы электр энергиясымен қамту жұмыстарын облыс орталығының өзге де аудандарынан бөлек, Мамлют пен Мағжан Жұмабаев аудандарында атқаруда. Қазіргі күні елді мекендерге электр қуатын тарататын жаңа желілер тартылып, ескілері қалыпқа келтіріліп жатыр.

Бердимурат Баймухан

Бұдан әрі оқыңыз

Қаладағы ірі сауда орталықтарына рейд жүргізілді
Өңірде АИ-92-нің бағасы тағы да шарықтады