Денсаулық сақтау

Өңірде 9 айдың ішінде 150-ге жуық әйелден сүт безі обыры анықталған

Бүгінде облыстық онкологиялық орталықта 10 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Соның ішіндегі әрбір бесінші әйел сүт безі обырына шалдыққан. Статистикаға сүйенетен болсақ, нәзікжандылар арасында аты жаман індет жылдан-жылға өршіп барады.

Олег Дудяк, облыстық көпбейінді арухананың онкологиялық орталығының директоры:

– 2019 жылы сүт безі обырына шалдыққан 2049 нәзікжанды тіркеуде тұрса, 2020-да статистика 2100-ден асып түсті. Үстіміздегі жылдың 9 айында 146 әйел есепке қойылды. Басым бөлігінде ауру скрининг барысында анықталды. Нәзікжандыларға айтарым, бұл індеттен айығуға болады. Тек емді созбай, уақытында бастау қажет.

Өкінішке қарай, жыл басынан бері өңірде 46 нәзікжанды сүт безі обырынан көз жұмған. Олег Дудяктың сөзінше, көбіне қыз-келіншектер дәрігерлердің көмегіне жүгінуге қорқады. Соның салдарынан ауруды асқындырып алады. Егер дерт 1-ші кезеңде анықталса, 100 пайыз сауығып кетуге болады екен. Айта кетейік, бүгінде нәзікжандылардың тексерістен толыққанды өтуіне барлық жағдай жасалған. Скриниг тегін жасалады.

Олег Дудяк, облыстық көпбейінді арухананың онкологиялық орталығының директоры:

– Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау үшін ауруханамызда барлық жағдай жасалған. Жыл сайын түрлі заманауи аппараттарды сатып аламыз. Биыл бізге соңғы үлгідегі цифрлы маммограф жеткізілді. 2023 жылға дейін орталық тағы жаңа құрал-жабдықтармен толығады.

Сүт безінің обырына көбіне 55 пен 70 жас аралығындағы әйелдер шалдығады екен. Жас қыз-келіншектерде сирек кездеседі. Сондықтан, мамандар әр жыл сайын тексерістен өтуге кеңес береді. Осы ретте біз жергілікті азаматшалармен жолығып, денсаулықтарына қаншалықты көңіл бөлетіндерін сұрадық.

– Скринингтен жуырда өттім. Денсаулығымды бір жылда бір рет толық тексертемін. Жалпы, әр адам жылына бір рет тексерістен өтуі қажет деп есептеймін”.

Ауруханаға бармаймын. Өз денсаулығымды өзім емдеймін”.

Денсаулық – әрбір адам үшін басты құндылық. Сондықтан, бейжай қарамау керек. Әсіресе, қазіргі заманда.

Айта кетейік, сүт безін ерте анықтауға арналған айлық аясында алдағы сенбі күні, яғни қазанның 23-і облыстық онкологиялық орталықта қабылдау өтеді. Яғни, кез келген әйел тегін кеңес алып, толық тексерістен өте алады. Іс-шара таңғы 9-дан түскі 1-ге дейін өтеді.

Дана Ешкенова