Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы

Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Қаңтар-қыркүйек аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 100,7 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда негізгі инвестициялар көлемі – 17,5, өнеркәсіп өндірісі – 6,7, тұрғын үй салу – 6,5, құрылыс жұмыстары 1,7 пайызға ұлғайды.

Қысқасы – пандемия, ауа райының қолайсыздығынан туындаған құрғақшылық, құрылыс материалдарының қымбаттауына қарамастан, әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Аграрлық салада 9 айдың ішінде 833 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл өткен жылдың 12 айымен салыстырғанда 55 млрд-қа көп. Алайда, облыс көшіне ілесе алмай, керісінше артқа тартып тұрғандар да жоқ емес. Мамлют, Ғ.Мүсірепов пен Тимирязев аудандары ауыл шаруашылығы бойынша көш соңында. Аталған аудан басшылықтарына жағдайды түзеу қажеттігі туралы айтылды.
Жекелей мал шаруашылығына тоқталар болсақ, бұл бағытта бүкіл облыс бойынша өсім бар.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мал шаруашылығына тоқталар болсақ, ет өндірісі – 2, сүт 6 пайызға ұлғайды. Бұл – аграрийлермен жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бірнеше мысал келтірейін. “Зенченко” серіктестігінің Ленинское селосындағы сүт кешенінде жыл басынан 3,3 мың тонна өнім шығарылды. “Ноғайбай” агроқұрылымының нәтижесі 860 тоннаны құрайды. 2020-да іске қосылған “Қызылжар-сүт” кешенінде 9 айдың ішінде 2600 тонна ақ өндірілді.

Тауарлы-сүт фермаларын ашу бойынша жұмыс бір жолға қойылған. Бүгінде 16 өндіріс ошағының құрылысы жүргізілуде. Олардың 10-ы жыл соңына дейін іске қосылмақ. Сәйкесінше сүт өндірісі де күннен-күнге артатын болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сүт өндірісімен айналысамын деген кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау мығым. Бизнестің бұл түрі өте табысты. Аудан әкімдері қазірден бастап келесі жылы тауарлы-сүт фермасын саламын деген аграрийлердің тізімін дайындаулары тиіс.

Тайынша ауданына қарасты “EMC-агро”-ның шошқа кешені жыл басынан бері 4300 тонна өнім шығарған. 2020-да өндірілген өнім көлемі бұдан шамамен 500 тоннаға кем болған екен. Яғни, пандемияға қарамастан өсім сақталып отыр. Қазір Ақжар мен Уәлиханов аудандарында бордақылау алаңдарының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Уәлиханов ауданына бүгінде герефорд пен қазақтың асылтұқымды ақбасынан 482 мал жеткізілді. Тағы 3 мың ірі қара – Қарағанды облысында карантинде. Осындай шаруа Ақжар ауданында да қолға алынды. Мұнда Ирландиядан ангус тұқымды 800-ден астам ірі қара жеткізілді.

Өнеркәсіп саласындағы қарқын қызу. Өткен жылмен салыстырғанда алға жылжушылық бар.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Өнеркәсіп саласының 75 пайызын өңдеу секторы құрайды. Кәсіпорындар 9 айдың ішінде 188 млрд теңгенің өнімін шығарды. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 8 пайызға көп. Азық-түлік өндірісі – 6,4, машина жасау – 32,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіптегі өнім көлемі 1 жарым есеге артты.

Жергілікті машина жасау кәсіпорындарының тапсырыс портфелі артып, 9 айдың ішінде 51 млрд теңге табыс тапқан. Жыл соңына қарай табыс көлемі тағы 4 млрд теңгеге ұлғаюы тиіс. Инвестиция тарту саласына келер болсақ, әлеуетті жобаларға қаржы құю 17,5 пайызға артып, 217 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте кәсіпкерлердің үлесін атап өту қажет. Тартылған әр 7 теңгенің 6 теңгесі жеке инвестиция екен.

Эльмира Садвокасова