Қылмыс

Қала тұрғыны интернет-алаяққа алданып қала жаздады

Телефонның арғы жағындағы қу өзін Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қызметкерімін деп таныстырған. Алаяқтың қолында петропавлдықтың жеке деректері болған. Тіпті, нәзікжандыны сенімді түрде атымен атап, Елордадағы таныстары оның атынан 5 бірдей банктен несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтқан. Бұған жәбірленуші сеніп қалады.

Пысықай одан әрі жылы сөйлеп: “Сан соғып қалмас үшін өзіңіз кредит алып, таныстарыңыз келтірген шығынды жабу керек”,- деп сендірген. Бұған да иланған азаматша 600 мың теңге қарыз алады. Кейін алаяқ телефонға арнайы бағдарлама жүктеуді ұсынады. Бұл ұсынысты орындап жатқан кезде келіншек қосымшаның мобильдік құрылғыны қашықтықтан басқаруға мүмкіндік беретін дүние екенін түсінеді. Бірден тілдесуді тоқтатып, полицейлерге жүгінеді. Тәртіп сақшылары түскен арыз бойынша тергеу амалдарын бастады.

Сәбит Бағытов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Бөгде адамға жеке мәліметті, cvv-код пен банктік карталардың пин-кодтарын, sms-хабарламалармен келетін бірреттік кіру кодтарын, жеке сәйкестендіру нөмірлерін, әлеуметтік желілердегі логиндер мен парольдарды айтпау керек. Сайттардағы хабарландыруларды да жіті тексеріп алған абзал. Тапсырыс берген тауарға алдын ала төлем сұрату да көңілге күдік ұялатады.

Полиция қызметкерлері банк қызметкері клиентке хабарласып, оның жеке деректерін сұратпайды. Қандай да бір қаржылық операцияны қашықтықтан жүргізбейді дейді. Алаяқтың арбауына түсіп қалмас үшін ең алдымен осыны ұғынып алған жөн.

Байболат Култанов