Балалар

Еріктілер жалғызілікті қарияға көмек көрсетті

Еңкіш тартқан ескі үйде Алина Бардасова жалғыз тұрады. Жұбайы 11 жыл бұрын марқұм болған. Күндегі жалғыз сырласы – көршілері. Әлеуметтік қызметкер де келіп тұрады екен. Ол да кейуананың мұңын тыңдап, қолғабыс етеді. 72 жастағы зейнеткердің үй шаруасын атқаруға қауқары шамалы. Арасында еріктілерге арқа сүйейді.

Алина Бардасова, қала тұрғыны:

Аяқ-қолым сау болған кезде бәрін өзім істейтінмін. Қазір жүре алмай қалдым. Үйдің алды күл-қоқысқа толып тұр. Бау-бақшаны жапырақтан тазалайтын. Жастарды шақырып, көмек көрсетуін сұрадым. Осылай қыста да ауламды қардан тазалап беріп отырса нұр үстіне нұр.

Белсенді жастар білек сыбана іске кірісіп кетті. Ауланы жинастырды, бау-бақшаны тазалады. 10-ға жуық волонтердің ұйымшылдығы мақтарлықтай.
Қатарға жаңадан қосылғандары бар. Жергілікті кәсіптік-педагогикалық колледжінің 1-ші курс студенті Бақыт Сейілбекова қоғам қарияларға қамқорлықпен қарауы қажет дейді.

Бақыт Сейілбекова, волонтер:

Мен адамдарға мейірімділікпен қараймын. Сол үшін әрдайым адамдарға көмектескім келіп тұрады. Біздің көмегіміз қарияларға өте маңызды деп ойлаймын.

Еріктілер қалалық жастар ресурстық орталығына мүшелік етеді. Мұнда барлығы 200-ге жуық волонтер бар. Жастар жұмыс талғамайды, ешкімді бөліп-жармайды. Бір аптаның ішінде 3-4 үйге барып қолғабыс етеді. Қарияларға қамқорлық білдіреді, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдеседі, көпбалалы аналарды да назардан тыс қалдырмайды.

Аян Зариф, қалалық жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:

Қалалық жастар ресурстық орталығы қазіргі таңда әр апта сайын “мекен-жай көмегін” жасап тұрады. Яғни, қарт адамдардың үйлеріне барып есік алдындағы жұмыстарды жасап береді. Орталықтың өз базасы бар. Сол база арқылы жалғызбасты зейнеткерлеге кезек-кезекпен көмек көрсетеміз.

Жыл басынан бері қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері 500-ге жуық адамға көмек көрсеткен.

Дана Ешкенова