Денсаулық сақтау

Травматолог дәрігерлер марапатталды

Бүгінгі іс-шараның маңыздылығы ерекше. Залға еңбегімен көпке танылған білімді де білікті дәрігерлер жиналып отыр. Мамандардың қатарында зейнет жасындағы жандар да бар. Солардың бірі – Лидия Бублейник. 75 жастағы нәзікжанды көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология бөлімшесінде 30 жылдан артық еңбек етіпті.

Лидия Бублейник, зейнеткер:

Кейде ауруханаға өлім алдында жатқан адамды әкелетін. Сол кезде жедел әрекет ету қажет. Бұрын бізде «рентген» мен «фонендоскоп» аппараты ғана болды. Қазір МРТ, КТ қондырғылары орнатылған. Заман игіліктерінің көмегімен белгілі бір бір ауруды тез анықтап, ем-дом қажет ететін жерді бүге-шігесіне дейін анықтауға болады.

Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы дәрігерлер жыл сайын шеберліктерін шыңдап, тың ота түрлерін меңгеріп отырады. Басшылық та медициналық мекемені мүмкіндігінше заманауи қондырғылармен жабдықтауға тырысамыз дейді. Кеше ғана осындағы ақ халаттылар елордадан келген маманмен бірге жұмыс істеп, тәжірибелерін арттырған болатын. Соның арқасында өңір тұрғындары аяқтағы деформацияға ұшыраған бас бармақ сүйегін жарты сағаттың ішінде қалыпқа келтіре алады.

Руслан Тасов, көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Бізде өте білікті 15 травматолог жұмыс істейді. Дәрігерлердің елеулі еңбегінің арқасында республика көлемінде алдыңғы қатарда тұрмыз. Мамандар жылына 1200-ден аса науқасқа ота жасайды. Көбінесе буын сүйектерін қалыпқа келтіреміз. Жақында жеңіл жарақат алған адамның омыртқасына ота жасауды бастаймыз. Қажетті қондырғылар сатып алынды.

Бүгін көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы травматология бөлімшесінің ашылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған орай халыққа еңбегі сіңген жандар марапатталды. Оларға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығының атынан Құрмет грамотасы табыс етілді. Шара соңында жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Бердимурат Баймухан