Алтынай Қазиқан, тілші:
– Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі жариялаған ақпаратқа сүйенсек, қазақстандықтардың 60 пайызы халық санағынан өткен. Азаматтардың 40 проценті арнайы сауалдарға онлайн режимде жауап беріпті. Өзгелері санаққа дәстүрлі форматта қатысқан.
Ал өңірдегі санақ қарқыны өзге облыстардан әжептәуір бәсең. Бүгінге дейін 540 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың 285 мыңы ғана санақтан өткен. Кейбірі сұхбатшыларға есіктерін ашпайды, онлайн өткені туралы хабарламаны көрсетуден бас тартады. Жұртшылықтың арасында бос уақытым болмады, талапты түсінбедім дегендер де баршылық.
– Телефоным интернетке қосылған болса да өзім дұрыс түсіне бермеймін. Сол себепті, санақтан онлайн түрде өте алмай қалдым. Енді сұхбатшыларды күтемін.
– Балаларым санақтан онлайн режимде өтті. Санақтан өзім өткен жоқпын. Санақшылар келсе, есікті ашып, керегін айтып беремін.
– Мен үшін халық санағынан қызым өтіп берді. Сауалдарды оқып, мен айтқан жауаптарды белгіледі. Қазақстанда тұратын әр азамат санаққа қатысуы керек деп ойлаймын.
Қала тұрғыны Самрат Құскенов болса, халық санағын тағатсыздана күткенін айтады. Сайтқа кіріп, өзіне қатысты мәліметтерді енгізіп, сауалдарға толығымен жауап берген.
Самрат Құскенов, қала тұрғыны:
– Халық санағынан 3 апта бұрын онлайн түрде өттім. Сұрақтар қарапайым, ойға қонымды. Солардың барлығына жауап бердім.
Айта кетейік, қазір интервьюерлер үй-үйді аралап, тұрғындармен сауалнама жүргізуде.
Марал Даниярова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
– Санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптасады. Халықтың әр түрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің есептері жүргізіледі.
Қазір облыс аумағында 550-ден астам сұхбатшы қызмет етіп жатыр. Олардың әрқайсысы 30-шы қазанға дейін 800 жанмен кездесіп, деректерді арнайы базаға енгізіп үлгеруі тиіс. Сөз соңында қоса кетейік, санақ жүргізу жөнінен СҚО – 17 өңірдің ішінде 12-ші орында.
Алтынай Казиканова