ТКШ

Өңірдегі энергетикалық кәсіпорындар қауырт маусымға дайын ба?

Әзірлік паспорты – бұл энергия өндіруші мен энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын растайтын ресми құжат. Ол Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінен беріледі. Арнайы құжат алу үшін өтінішті аталған ведомствоның жергілікті департаменті тамыздың 15-ші жұлдызынан қабылдай бастаған. Паспортқа қол жеткізу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

1. Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алуға өтініш беру;

2. Аталған ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік актісі;

3. Әзірлік паспортын алу үшін шарттардың орындалуын растайтын құжаттар тізімі;

4. Станциялардың, электр және жылу желілерінің негізгі және қосалқы жабдығының техникалық жай-күйі, тұтынушыларға жылу және электр энергиясын беруді қамтамасыз етуге ұйымдардың әзірлігі туралы энергетикалық сараптама жүргізетін ұйымның қорытындысы.

“Биыл осы талапты бұлжытпай орындаған жергілікті 3 кәсіпорынға әзірлік паспорты еш ескертусіз берілді”,- дейді бейінді департаменттің бас маманы Жәмила Әбдіқасымова.

Жәмила Әбдіқасымова, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы:

Департамент келесі үш кәсіпорынға әзірлік паспортын ескертусіз берді: «Қазсушар», «Зенченко және компания» КС және «Иван Зенченко» серіктестігіне.

Ал «СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамына, №2 Петропавл жылу электр орталығына, Солтүстік Қазақстан электр желістік компаниясына және Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесіне әзірлік паспорты министрліктің өзінен беріліпті.

Жәмила Әбдіқасымова,  ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы:

Бастапқы екі энергетика кәсіпорнына құжат ескертулермен берілді. Атап айтқанда, «СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамы негізгі отын қорын жеткізу бойынша 2022 жылға келісім шарттың көшірмесін және 2,4,5 қазандықтардың жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін техникалық жай-күйі параметрлері ведомствосының көшірмесін ұсыну қажет.

Егер энергия өндіруші және энергия беруші ұйым қауырт маусымға әзірлік паспортын алмаса, оларға қомақты көлемде айыппұл тағайындалады. Әзірлік құжаты жоқ ірі кәсіпорын субъектілеріне 300 айлық көрсеткіш көлемінде, яғни 900 мың теңгеге жақын айыппұл салынады.

Дана Ешкенова