Денсаулық сақтау

8 млн астам отандасымыз індетке қарсы екпенің бірінші компонентін алған

Барлық облыста ауру деңгейі мен науқастар саны айтарлықтай төмендеді! Бүгін Үкімет отырысында еліміздің денсаулық сақтау министрі осындай мәлімдеме жасады. Алексей Цойдың сөзінше, Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күннен-күнге тұрақталып келеді. Екпе егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы дерекке сүйенсек, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 8 млн-нан астам адам алған. Ал 7 млн 200 мыңға жуық тұрғын арнайы курстан толық өткен.

Статистика құлағымызға майдай жаққанымен, республиканың кейбір өңірлері әлі де “қызыл” зонадан шыға алмауда. Қазіргі таңда Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары қауіптілік деңгейі жоғары аймақта тұр. Қыркүйектің 19-ы мен қазанның 19-ы аралығында өңірде 68 адам коронавирустан көз жұмған. Соңғы тәулікте 2 адам бақилық болған. Кеше 130-ға жуық солтүстікқазақстандық инфекция жұқтырып алды. Дертке шалдығу жағдайлары Петропавл қаласында көп. Аудандар арасында Қызылжар – көш басында.

Байболат Култанов