ТЖ

19-қазан – Құтқарушылар күні

Ерлан Елубаевтың ерлігі – көпке үлгі. Ол өз басын қатерге тігіп, өзгенің өмірін аман сақтап қалды. Булаево қаласындағы №12 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы 11-ші қыркүйек күні аудан орталығындағы үйлердің біріне шақыртуға барған. Қызметтік көлік бет алған мекен-жайда баспана отқа оранып жатыпты. Құтқарушы оқиға орнына келе сала 2 қабатты нысан ішіне кірген екен. Қызыл жалын мен түтін басқан ғимараттан азамат нәзікжанды мен жасөспірім қызды алып шығады. Жерлесіміздің ерлігі еленді. Ол Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің төсбелгісімен марапатталды.

Ерлан Елубаев, Булаево қаласы №12 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, М.Жұмабаев ауданы:

– Бүгін табысталған мына төсбелгі – тек менің ғана емес, өрт сөндіру бөлімінің ортақ марапаты. Себебі, құтқару операциясына 4 адам қатыстық. Әрбір өрт сөндіруші үшін адам өмірі – бірінші орында.

Өзі мен қызын құтқарған өжет мамандарға нәзікжанды алғыс айтып жатыр. Арнайы жолданған видеода азаматша өрт сөндірушілерді кәсіби мерекелерімен де құттықтады. Жалпы, бүгін Ерлан Елубаев сияқты 30-дан астам қызметкер түрлі деңгейдегі марапатқа ие болған.

Нариман Ашамаев, СҚО ТЖД кадр саясаты басқармасының бастығы:

Облыстық департамент бастығының Алғыс хатымен 21 қызметкер марапатталды. Ал ведомствалық марапатқа 12 адам ие болды. Біреуіне уақытынан бұрын шен табысталды. Қалғандарына төсбелгілер мен грамота, дипломдар берілді.

Айта кету қажет, бүгінде өңірімізде 900-ге тарта құтқарушы бар. Жыл басынан бері олар 2 жарым мың шақыртуға барып, 300-ге тарта адамды ажал аузынан аман сақтап қалған.

Алдияр Айтпаев