ТЖ

Жыл басынан бері Шал ақын ауданында 25 өрт оқиғасы тіркелген

Соңғы 10 айда Шал ақын ауданында 25 өрт оқиғасы орын алған.Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,7 пайызға көп. Қызыл жалыннан келген материалдық шығын көлемі 7 млн теңгеден асып жығылады. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Шал ақын аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтияр Қайнетовтың айтуынша, өрттің басым көпшілігі жеке секторларда тіркелген. Апаттың алдын алу үшін мамандар аудан көлемінде 100-ге жуық рейдтік шара өткізіпті. Шара барысында қауіпсіздік ережелері жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 8 мыңға жуық жаднама таратылған. Тиісті талапты ескермеген тұлғаларға қатысты 54 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұл көлемі 248 мың теңгені құрайды.

Бақтияр Қайнетов, Шал ақын аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Жыл басынан бері жеке тұрғын үй секторында 16 өрт оқиғасы болды. От көп жағдайда тұрмысы нашар жанұялардың баспанасында тұтанған. Мұндай отбасылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Сондай-ақ, биыл осындай 50 жанұяның үйіне түтін датчиктерін орнатып бердік. Жұмыстар әлі де жалғасуда.

Эльмира Садвокасова