Қоғам

Тайынша ауданындағы Чкалово ауылында 7 көше жөндеу көрді

130 шақырымнан аса жол. Жедел жәрдем көлігін тізгіндеген чкаловтық Николай Машлякевич күнде осындай қашықтықты жүріп өтеді. Сырқаттанып қалған ауыл тұрғындарын Тайынша қаласына жеткізеді.

Николай Машлякевич, Тайынша ауданаралық ауруханасы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

– Чкалово, Петровка, Озерное ауылдарынан адам тасимыз. Ильичевкадан да кісілер келіп жатады. Жалпы, жақын маңдағы елді-мекендердің барлығын қамтимыз. Бізде екі жедел жәрдем көлігі жұмыс істейді.

Жүкті әйелдер, денсаулығы сыр берген балалар, жарақат алған жандарды дер кезінде ауруханаға жеткізу үшін жылдам көліктен бөлек, жолдың тегіс болғаны маңызды дейді Николай Машлякевич. Ауыл ішіндегі жолдар да сапалы болғаны жөн. Бүгінде Чкалово елді мекенінде 23 көше бар екен. Биыл оның 7-еуі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеу көрген.

Николай Машлякевич, Тайынша ауданаралық ауруханасы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

– Қазір жолдар жақсарып келеді. Көшелер жөнделді, Тайыншаға апарар трасса да қалыпқа келтірілді. Осы өзгерістердің арқасында қазір аудан орталығына тез жететін болдық.

Елді мекендегі 7 көшені жөндеу үшін ел қазынасынан 230 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген екен. Ауыл ішін жарықтандыру мәселесі де шешілген. Былтыр облыстық қазынадан берілген қаржыға 90 LED-жарық шамы орнатылыпты. Округ әкімі Сәкен Сәдуақасовтың сөзінше, қазіргі күні халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынған.

Сәкен Сәдуақасов, Чкалово ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Чкалово мен Петровка ауылдарына су тарту жұмыстары басталды. Жобаға ел қазынасынан 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Биыл 140 млн теңге бөлініп, Петровкада су тарату желілері салынып жатыр. Жоспарланған шаруа 2 жылдың ішінде аяқталуы тиіс.

Шаруа аяқталған соң, таза су әр үйге кіргізілмек. Жалпы, бүгінде Чкалово ауылдық округінде 4 мыңнан аса адам тұрады.

Бердимурат Баймухан