МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті электрондық аукцион өткізеді

Кеңсе тауарынан бастап, смартфон мен темір тұлпарларға дейін. Жоқ, бұл дүкен немесе маркеттің жарнамасы емес. Аталған заттарды 2-3 есе арзан бағада gosreestr.kz сайтынан алуға болады. Айына кемінде бір рет өткізілетін аукционға сот шешімі бойынша тәркіленген дүниелер шығарылады.

Оксана Шаймарданова, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– 9 айдың ішінде біздің департаментке 50 200-ден аса зат өткізілді. Атап айтсақ, ноутбук, телефон, қара метал мен автокөлік тапсырылды. Ереже бойынша алдымен пайдалы деп табылатын дүниелер мемлекеттік органдарға тегін ұсынылады. Егер олар қажет етпесе, жеке тұлғаларға арналған аукционға шығарылады.

Мәселен, қаңтар мен қыркүйек аралығында департаментке 11 автокөлік өткізіліпті. 2009-шы жылғы Toyota Land Cruiser мемлекеттік орган меншігіне берілді. Қазір темір тұлпар сонау Ақтөбе облысындағы басқарма қолданысында. Ал, қалғаны аукционға қойылды. Осылайша, Lada Granta – 1.5 млн, ВАЗ – 2108 машинасы – 53 мың, Урал мотоциклі 27 мың теңгеге саудаланды.

Оксана Шаймарданова, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– Электрондық аукцион www.gosreestr.kz сайтында жүргізіледі. Оған жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар қатыса алады. Ол үшін веб-порталға тіркеліп, тауардың бастапқы құнының 15 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеу қажет. Егер азаматты ешбір өнім қызықтырмаса, ақшасы қайтарылады. Сондай-ақ, аукционға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы шарт. Келесі электрондық аукцион қазанның 20-сына жоспарланған.

Бұл жолы сатылымға барлығы 10 лот шығарылмақ. Оның 9-ы смартфон. Бағалары 22 мыңнан басталып, 175 мың теңгеге дейін жетеді. Ең қымбаты – самсунг galaxy S 20. Ал IOS қолданушылары үшін 160 мың теңгенің 11-ші айфоны бар. Темір-терсек жинап, пайдаға жаратамын дегендер де аукционды өткізіп алмағаны жөн. Себебі, бақандай 1400 келі қара металл 82 мың теңгеге бағаланып отыр. Дегенмен, аукционның аты аукцион. Ең бірінші сатылымда қалаған затқа көбірек ақша ұсынған адам қол жеткізеді. Лоттың иесі табылмаса, бағасы төмендей бастайды. Бұл – департамент мамандарымен атқарылатын жұмыстың тек бір бөлігі. Қызметкерлер республикалық меншіктегі бос ғимараттарды жалға беріп, мемлекеттік орган нысандарын оңтайландыруға да жауапты.

Ерлан Мұстафин, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:

– Биыл аталған шаруа екі бірдей ауданда жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, Аққайың және Қызылжар аудандық қазынашылық басқармасының мамандары мемлекеттік кірістер басқармасына нысанына көшірілді. Алдағы уақытта мұндай біріктіру ісі Мамлют ауданында жүзеге асырылады.

Нәтижесінде жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асатын 3 нысан босаған. Мұнда орын тапшылығы байқалатын немесе осы уақытқа дейін ғимарат жалдап келген мемлекеттік органдар көшіріледі екен. Осылайша, миллиондаған бюджет ақшасы үнемделеді.

Эльмира Садвокасова