Аптадағы маңызды жаңалықтар

Дайындық ауылы – «Үздік 30 ауылдың» қатарында

Бүгінде Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылының келбеті ауыз толтырып айтарлықтай өзгерген. Биылдың өзінде елді мекенде жергілікті серіктестіктің басшысы Біржан Шаймерденовтың бастамасымен 6 үй салынып, балабақша мен спортзал ашылыпты. Одан қалды мектеп те күрделі жөндеуден өтіп, ауылдың жолы түгелдей дерлік асфальтталған.

Біржан Шаймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Биыл ауылды көркейтуге 200 млн жараттық.Биылғы жылы СТО ашып жатырмыз. Үлкен моншаның құрылысы 2-3 күнде аяқталады. Сондай-ақ, егінді жақын жерге тасу үшін қойма салынып жатыр. Еліміз болғасын ақшаны есептемей, елге салып жатырмыз.

Осыдан 25 жыл бұрын елді мекенде 28 үй ғана қалған екен. Бүгінде 80-ге жуық түтін бар. Ауылда тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін тиісті жағдай жасалған. Баспаналарға су құбыры тартылып, орталықтандырылған жылыту жүйесі қосылған. Ағайын тіршілік көзі үшін ақша төлемейді.

Жылу үйде, барлық жер – асфальт. Бұрындары жаңбыр, қар жауса жету қиындау болатын.

– Бастығымыз Біржан Әбділманұлы үй берді. Спортзал салынып, жұмыс орындар көбейді.

– Астанадан көшіп келгенімізге 1 апта болды. Жұмыс тауып берді. Барлығы жақсы болады деген үміттемін.

Біржан Әбділманұлы азаматтардың кез келген өтінішін жерде қалдырмауға тырысады. Тіпті, қол астындағы жұмысшыларына баспана да тұрғызады. Мәселен, Қуанышовтар жанұясы үйлерінің тозығы жетіп, тар екенін айтқан. Аграрий ойланбастан орнына жаңасын салып беріпті. Қазіргі баспаналары қаладағылан кем емес.

Гүлбаршын Қуанышова,  Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Үлкен қылып үйімізді салып берді. Осы үйге тамыздың 18-і кірдік. Екі ұлым Біржанның қол астында еңбек етеді. Үлкен ұлыма Біржан 500 мыңға жаңадан үй салып берді.

Көп жылғы адал еңбек бүгінде өз жемісін беруде. Дайындық ауылы еліміздегі “Үздік 30 ауылдың” қатарына енді. Анықтамалық альбомды Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға- достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан құрастырған. Ол барлық облыстарды аралап, жиналған деректерді еңбек қылып жарыққа шығарыпты.

Біржан Шаймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан келдім. Үлкен номинация өтті. Бізді марапаттап, диплом табыс етті. Осы жерде Жақсылық ағамыздың Президенттің алдында айтқан сөзін еске алғым келеді: “Қазақстандағы 5 мың азамат 5 мың ауылды көркейтсе, еліміз одан әрі өркендейтін болады”.

Өз ауылынан бөлек, Біржан Шаймерденов басқа аудандардың дамуына да ат салысып келеді. Қазіргі таңда Бескөл ауылында науқас балаларға иппотерапия емін жүргізу үшін жабық ипподромның құрылысын жүргізіп жатыр.

Алтынай Казиканова