МТРА жаңалықтары

Петропавлда арамен емдеу ісі қолға алынбақшы

Солтүстікқазақстандық омарташылар қысқа әзірлікті қазан айының ортасында бастайды. Себебі, бұл уақытта аралар үйінен шықпай қояды. Өзің барып қозғасаң да шабуыл жасамай, момын кейіп танытады. Осыны пайдаланған мамандар үйшіктердегі балдың мөлшерін тексеріп алады екен.

Дмитрий Степура, СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің оқытушысы:

Әр жәшікте кем дегенде 20 келі бал болуы керек. Егер өнім тиісті мөлшерден аз болса қыста қорек жетпей қалуы мүмкін. Мұндай жағдай да қант шәрбәтін беруімізге тура келеді.

Алайда, қант шәрбәті бал сияқты дәруменге бай емес. Қыс бойы онымен қоректенген ара көктемде әлсіз болып қалуы мүмкін. Сол себепті, омарташылар көп жағдайда бұл әдісті қолданбауға тырысады. Жәндіктерге ала жаздай өздері жинаған табиғи өнімді береді.

Олег Гаврилов, СҚО ұлттық омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Аралар мұнда ауа райы -10 градусқа суығанға дейін болады. Кейін жеке жертөлемізге жайғастырамыз. Жәндіктерді бұрынғыдай оңтүстікке жібермейміз. Қысты солтүстікте өткізеді. Мұндай тәжірибені былтыр алғаш рет қолданып көрген болатынбыз. Нәтижесі біз күткеннен де жақсы болып шықты.

Мұндағы әр жәшікте шамамен 70 мыңға жуық ара бар. Осы ретте мынадай бір қызықты жайтқа тоқталып өтсек. Жәндіктер 2 топқа бөлінеді екен. Олар: аналықтары және бал жинағыштар. Көктемде «жұмысшы» аралардың саны 4-5 еселеп көбейсе, күз бен қыста керісінше, азаяды. Яғни, 9 айдан қырылып қалады екен. Ал аналықтар болса 5 жылға дейін ұрпақ жалғастыра береді.

Олег Гаврилов, СҚО ұлттық омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Аналық аралар талғампаз әрі мінезді келеді. Тазалықты ерекше жақсы көреді. Бірақ, қатты ыстықты да, суықты да ұнатпайды. Қыста жертөледегі температура +2 градустан жоғары болмауы керек. Сондай-ақ, ауаны жиі желдетіп отырамыз.

Олег Гаврилов араны күтіп-баптаудың қыр-сырын СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенттеріне де үйретуде. Бүгінде оқу орнының үздік екі түлегі осында жұмыс істеп жүр. Тағы бір маманға сұраныс бар. Мұны естіген 2-ші курс студенті Валерий Лоскутов бірден осында келіпті. Жазда араның 2 жәшігін сатып алып, алғашқы тәжірибесін өткізіп көрген. Нәтижесі көңіл қуантады.

Валерий Лоскутов, СҚ кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенті:

150 келі бал жинап алдым. Өнімнің сапасы жоғары. Біртіндеп сатып жатырмын. Әзірге, тек туыстарым мен көрші-қолаң алуда. Балдың дәмі бәріне ұнады. Келесі жылы өнім көлемін арттырсам ба деп отырмын.

Өнім көлемін «Қызылжар-Пасека» серіктестігі де арттырмақ ниетте. Ол үшін жергілікті әкімдікпен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Олег Гаврилов аралардың бал жинауына арналған тағы бір жер беруін сұраған. Өтінім қазір қарастырылып жатыр. Одан бөлек, кәсіпкер арамен емдеу, яғни апитерапия өткізетін үйшіктер әзірлеуде. Әзірге, табиғи жолмен емдеу орнының қандай болатыны құпия күйінде қалды. Солтүстіктікқазақстандықтар бұл жаңашылдықтың иігілігін келесі жылдың көктемінде пайдаланып қалуы мүмкін.

Маржан Касымбек