Қоғам

Өңірдің жаңа бас имамы тағайындалды

Кенжетай қажы Байкемелұлы облысымызда 8 жылдан аса қызмет етті. Өңірде болып жатқан маңызды оқиғаларға белсене ат салысып, халыққа рухани құндылықтарды насихаттады. Жастарды имандылыққа бет бұрғызып, ата-баба дәстүріне сай тәлім берді. Сондай-ақ, қиын-қыстау шақта атқамінер азаматтардың басын біріктіріп, әлеуметтік осал топтағы жандарға көмек көрсетуге шақырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Пандемия кезіндегі облыстық мешіттің көрсеткен көмегін атап өткен жөн. Кәсіпкерлермен бірігіп ауруханаларға 70 оттегі концентраторы мен 223 пульсоксиметр тапсырды. Тұрмысы төмен отбасылар мен қарияларға әлеуметтік көмек көрсетіліп тұрады. Сондай-ақ, құрғақшылық болған Маңғыстау облысына биыл 5 мың тонна шөп жөнелтілді.

Елеулі еңбегі үшін облыс әкімі Кенжетай қажы Байкемелұлын Құрмет грамотасымен марапаттады және алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Бүгіннен бастап ол еліміздің бас мүфтиінің кеңесшісі қызметін атқарады. Ал оның орнына Нұр-Сұлтан қаласынан келген маман Хамзат Әділбеков тағайындалды. Дін өкілін көпшілікке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырды.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Кенжетай имамды өзімнің жаныма кеңесшілікке тағайындадым. Осында атқарған жұмысын республика көлемінде атқарсын деген мақсатта алып бара жатырмыз. Ал жаңадан келіп жатқан имам – осы өңірдің тумасы. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда қызмет атқарған.

Хамзат Әділбеков «Нұр-Мүбәрәк» университетінде оқып, кейін Ливия еліндегі ислам университетінде білімін толықтырған. Айта кеткен жөн, Хамзат Қажымұратұлы 2012-2017 жылдар аралығында «Қызылжар» облыстық орталық мешітінде ұстаз болып қызмет еткен.

Бердимурат Баймухан