МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтау

Өңірде эпидахуал ушығып барады

Солтүстік Қазақстан облысының қызыл аймаққан енгеніне осымен 2-ші апта. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Коронавирусты жұқтыру жағдайлары күннен-күнге жиілеп барады. Соңғы 14 күннің ішінде 1600-ден астам адам науқастанған. Бұл оның алдындағы қос аптаға қарағанда бір жарым есеге көп. Өсім Ақжар ауданынан басқа барлық ауданда байқалған.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Эпидемиологиялық жағдайдың әлі де тұрақсыз болуына байланысты сақтану шараларын бәсеңдетпеу қажет. Маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтап, адам көп жиналатын жерге бармау керек. Сондай-ақ, екпе алмағандарды вакцина қабылдауға шақырамыз. Қазіргі ахуал нашарлайтын болса қатаң шектеулерге көшуге тура келеді.

Бүгінде облыс халқының 227 мыңнан астамы вакциналанған. Бұл екпе егуге рұқсат берілген тұрғындардың 67 пайызын құрайды. мамандардың айтуынша оның өзі ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жеткіліксіз.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінде қауіпті індетпен күресудің ең тиімді жолы вакцина екенін тағы бір мәрте еске саламын. Қазіргі уақытта өңірде екпенің 3 түрі қолжетімді. Олар: отандық “QazVac”, ресейлік “Спутник V” және қытайлық “Vero Cell”. Жуырда өңірімізге аталған вакциналардың 302 мыңнан астам дозасы жеткізілді.

Енді облыс стационарларындағы жағдайға кезек берейік. Бүгінде өңірде Covid-19-ға шалдыққан науқастарды емдеу үшін 1600 төсек-орын әзірленген. Қазіргі таңда толымдылық көрсеткіші 43 пайызды құрайды. Яғни, стационарларда 700-ге жуық адам ем қабылдап жатыр. Оның 24-і – бала. Жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда. Тағы 250-ге жуық бала үйлерінде ем қабылдап жатыр. Жалпы, 1500-ге жуық адам карантинге оқшауландырылған.

Дана Ешкенова