Қоғам

Кембағал жандар арасында шығармашылық фестиваль өтті

Фестивальға қатысушылар көркемсөз оқып, өзара сынға түсіп жатыр. Олардың ішіндегі Варвара Колесникова көрермендердің ерекше қошеметіне бөленуде. 9 жастағы өнерпаз «Біз мықты қыздармыз» деген туындыны жүрекке жеткізе алды. Талантты қыз шығарманы аз уақыттың ішінде жаттап алған екен.

Варвара Колесникова:

Кітап оқып отырған кезде осы өлең жолдары өзіме қатты ұнап қалды. Қайта-қайта оқығасын есімде сақталып қалды. Көркем әдебиетке қатты қызығамын. Бұдан өзге де авторлардың туындыларын жатқа білемін әрі қолөнермен де айналысамын.

Бескөлдік Медрес Кеңесов те өнерден құралақан емес. Бозбала мәдени шараға Жамбыл Жабаевтың «Тоқтағұлға» өлеңін жаттап келген екен. Белсенді оқушы мұндай шығармашылық байқауларды қалт жібермеуге тырысатынын айтады.

Медрес Кеңесов:

Бұл байқауға 2 аптадай дайындалдым.
Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,
Өтіпсің самғап ұшып асқар белден.
«Алмас пышақ қап түбінде жатпас» деген,
Хан-төре айналмай ма сендей ерден..


Бұл жандардың барлығы бірдей өнерге ғашық. Мұны олардың көздеріндегі жалыннан-ақ байқауға болады.

Ән-бимен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қолөнер байқауы да өткізілуде. Светлана Величко көрмеге балшықтан, бисерден жасаған 10-нан астам бұйымын әкеліп отыр. Өзінің кейбір жұмыстарын ешқандай кедергілерге қарамастан спортта биік шыңдарды бағындырып жүрген жерлестеріне арнаған екен.

Светлана Величко:

Шектеулерге қарамастан, жетістікке жету оңай шаруа емес екенін жақсы білемін. Өзімнің бала кезімнен есту қабілетім төмен. Сол үшін спортшылардың алдында басымды иіп, құрметімді осылай білдіргім келді. Әр бұйымды ерекше махаббатпен, тартымды етіп жасауға тырысамын.

Мәдени сайыс «Ардос-жүрек» мүгедектер бірлестігі өкілдерінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Басты мақсат – өнерде ешқандай шектеу жоқ екенін көрсету. Жалпы, фестивальға облыс бойынша 80-нен астам адам қатысты. Шара соңында үздік атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алтынай Казиканова