Көлік және жолдар

Аққұдықтың ажары ашылды

Аққұдық ауылының тұрғындары оң өзгерісті көптен күтті. Биыл ақ түйенің қарны жарылып, 30 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген көшелер жаңарды. Нақтырақ айтсақ, елді мекен ішіндегі жолдарға теп-тегіс асфальт төселді.

– Жол нашар болды. Шеттен келген адамдар жөнделген жолды көріп таңдануда.

– Бұрындары жүріп-тұруымыз қиын болып еді. Жол мәселесі шешімін тапқанына қуаныштымын.

Аққұдықта асфальт төсеу ісі былтыр басталыпты. Өткен жылы 2 шақырымы қалыпқа келтірілсе, биыл 6 бірдей көше жаңаланған. Маңызды шаруа «Ауыл ел – бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылды. Бұл бағытқа ел қазынасынан 167 млн теңге бөлінген. Тұрғындардың тағы бір қалауы бар. Ағайын көшелерге жарық шамдары орнатылса дейді.

Ертай Қалиақпаров, Алабота ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Біз ұзындығы 5 жарым шақырым болатын сым арқылы 80 жарық шам орнатуды жоспарлап отырмыз. Ойлағанымыз жүзеге асса, ауылдың көшелері түгел жарықтандырылады. Қазір көшелерде 34 шам бар.

Көшелерге жарық шам орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Әзірге, істің қашан бастау алатыны белгісіз. Қазір таңда ауыз су мәселесі бойынша да тиісті құжаттар әзірленіп жатыр екен. Демек, алдағы уақытта Аққұдықтағы 340 үйге тіршілік көзі тартылады.

Алдияр Айтпаев