Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жергілікті әуежайдың жұмысы қайта жанданды

Әуежайдағы атмосфера бұрынғыдан өзгеше. Іші жанданып, келіп-кетушілердің қатары қалыңдап қалыпты. Мамандарды сөзге тартып көріп едік, жолаушыларын күттіріп қойғысы келмеді ме, бізбен тілдесуге уақытын бөле алмады. Жұмыс қызған. Бірнеше минуттардан кейін Алматыдан шыққан алғашқы ұшақ келіп қонады.

Ерден Жантілеуов:

– Алматыдан қарындасым ұшып келе жатыр. Жақсы болды. Аптасына 2 рет ұшады. Жаңа ғана білдік. Ыңғайлы. Бағасы да жарайтын екен.

Ұшақ Алматыдан Петропавлға дейінгі аралықты 2 сағат ішінде еңсереді. Алғашқы рейспен 50-ге жуық адам ұшып келіпті. Әуе кемесі Түркістанға да аптасына 2 рет қатынайды. Жолаушы тасымалдау көбіне түскі уақытта жүзеге асырылады екен. Ал Нұр-Сұлтанға рейс күнде жасалады.

Валихан Джилизбаев, «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС директоры:

– Нұр-Сұлтанға дейін билет құны 10 мың теңге тұрады, Түркістанға – 20 мың, ал Алматыға жету үшін 25 мың теңге. Әр рейс мемлекет тарапынан субсидияланған.

Тынысы ашылған әуежайды басқарушы серіктестік те, нысанның атауы да ауыстырылыпты. Енді әуежай «Қызылжар» деп аталады. Айта кететін жайт, жаңа серіктестік бұрыңғы қарыздарды өтеп, қызметкерлердің бірнеше ай берілмей келген жалақысын да төлепті.

Бөкенбай Жәнібеков, «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС авиациялық қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары:

– Шамамен 4 айдай жалақысыз отырдық. Қиынырақ болды. Шыдадық. Қазір бәрі дұрысталды.

Әуежай басшылығының алға қойған жоспары ауқымды көрінеді.

Валихан Джилизбаев, «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС директоры:

– Петропавл-Шымкент бағытында рейс ашуды жоспарлап отырмыз. Оңтүстік өңірден келетін жолаушы көп. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Ақтауға да жолаушы тасымалдау жүзеге асырылуы мүмкін. Қазір қос тараппен келіссөз жүргізіліп жатыр.

“Қызылжар” әуежайының басшылығы ресейлік әуе компанияларымен де әріптестік орнатып жатыр. Алдағы уақытта Омбы пен Санкт-Петербор қалаларына да рейс ашылып қалуы мүмкін.

Маржан Касымбек