СҚО-да биыл 550-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

Қылмыс

21:17 14 Қазан 2021

Соңғы жылдары өлкемізде интернет-алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Уақыт өткен сайын пысықайлардың арам пиғылдары да түрлене түсуде. Қазіргі уақытта облыста қулық істердің 3 түрі таралған. Олар:

– Жалған банк қызметкерінен қоңырау
– Танымал жарнама сайттарында тауарларға тапсырыс беру
– Инвестициялық жобаларға қатысып, ақша қорын ұлғайту

Әрқайсысына жіті тоқталайық. Бірінші жағдайда адамның ұялы телефонына өзін «Банк қызметкері» деп таныстырған біреу қоңырау соғып, клиенттің картасымен күмәнді операциялар жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Оның алдын алу үшін жеке реквизиттерді айтуды ұсынады. Алынған деректердің көмегімен алаяқ оп-оңай интернет-банкингке қосылып, шоттағы ақшаны өзіне аударып алады. Тәртіп сақшыларының сөзінше, көбінесе мұндай әдіс-тәсілді облыстан немесе, тіпті, елден тыс жерде отырған адам жасайды екен. Бұл қылмысты әшкерелеуде біраз қиындық тудырады.

Марат Жұмалиев, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Адамды жарнама сайты арқылы алдап соғу “OLX”, “Колеса” интернет дүкендерінде жиі кездеседі. Әлемнің кез келген түкпірінде отырған алаяқтар аталған сайттар арқылы клиенттерге төмен бағамен тауар ұсынады. Қызығушылық танытқандарға төлемнің бір бөлігін банк картасына алдын ала немесе толық көлемде жіберу қажеттігін айтады. Ақшаны қалтаға басқаннан кейін телефонын сөндіріп, ізім-ғайым жоғалады.

Соңғы жылдары интернетте “Инвестициялық жобаларға қатысып, қаражат қорын ұлғайтыңыз” деген жарнамалар да жиілеп кетті. Түсінікті тілмен айтсақ, бұл – бәріне таныс “Қаржы пирамидасы”. Оның схемасы түсінікті. Заңнан қорықпайтындар адамдарды “Ақша саласың, сосын қаппен қайтарып аласың” деп алдайды. Соңы не болатыны айтпаса да түсінікті.

Мадияр Харипов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айында 541 интернет-алаяқтық тіркелді. Әдетте мұндай жағдайлардың барлығында қылмыскерлер біздің республикамыздың басқа аймақтарында немесе көрші мемлекеттерде тұрады. Ағымдағы жылы тіркелген фактілердің жалпы санынан 130 факті бойынша күдіктілер – ҚР басқа өңірлерінде, ал 172 жағдайда басқа елдерде болған.

Жалпы, облыс түгілі, ел аумағында интернет-алаяқтық фактілері өткен жылмен салыстырғанда биыл 2 есеге артқан.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Өңір полицейлері сібір елігін атып алған 4 браконьерді ұстады
Іздеуде жүрген 5 адам анықталған
Арам жолмен ақша таппақ болған патрульдік полиция қызметкерлеріне қандай жаза қолданылады?
Петропавлда жүк көлігін мас күйде жүргізген ер адам ұсталды
18 жастағы петропавлдық алаяқ студенттерге несие рәсімдеткізген
Биыл өңірде 650-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелген
Биыл өңірде есірткіге қатысты 200-ге жуық құқықбұзушылық тіркелген
Қала тұрғыны алаяқтарға 10 млн теңгеге алданып қалды
Интернет-алаяқтықтың жаңа түрі таралуда
СҚО-да 3 бірдей қаржы пирамидасы анықталды
Тайынша қаласындағы дүкендердің бірінде 1 млн-нан астам ақша жымқырған ұры ұсталды
Үстіміздегі жылы облыста теміржол бойында 3 адам қаза тапты