Балалар

Шаһардағы үйлердің біріне сән кірді

Алыстан көз тартар сурет Интернационал көшесіндегі 5 қабатты үйдің бірінде мен мұндалап тұр. Баспананың сол жақ қабырғасына ғарыш әлемі бейнеленген. Әрине, ең алдымен космонавт, әуе кемесі мен жер шарын айқын көруге болады. Суреттің астыңғы жағына 1961 деген сандар жазылған. Бұл – Юрий Гагариннің алғаш болып космосқа ұшқан жылы.

Станислав Алерт, суретші:

Мені үнемі ғарыш тақырыбы қызықтырады. Бұл еңбегімді жерлес космонавт Владимир Шаталовтың құрметіне арнадым. Менің ойымша, сурет қараған адамға әлемнің шексіз екендігі турасында ой қалыптастырады.

Үйдің қабырғасына осындай сурет салу қажеттігі туралы идея Нагимджан Ходжаевтікі. Өткен сайын өңі қашып тұрған қабырғаға өзгеріс қажеттігін теріскейлік жақсы түсінген. Бірақ, не істеу керектігін білмеген. Осылайша, суретші Станислав Алерттің көмегіне жүгініпті.

Нагимджан Ходжаев, қала тұрғыны:

Бұл жерде менің дүкенім орналасқан. Әр өткен сайын сәні кеткен қабырғаны қалай безендіруге болатынын ойлайтынмын. Мына сурет жараса кетті. Түнде жарық жанғанда тіпті, құлпырады.

Бұл туындыға қала тұрғындары қандай баға береді екен? Оны өздерінен сұрап көрдік.

Сурет үйге ерекше көрік беріп тұр. Ғарыш жақсы бейнеленген.

Әрине, түсі суық жалаң қабырғаға қарағанда осынысы жақсы емес пе? Тақырып та, бояулары да – барлығы бір-бірімен үйлесіп тұр.


Алдияр Айтпаев