Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәртіп сақшыларына жаңа қызметтік көліктер тапсырылды

Өңірде денсаулық сақтау, білім беру және жолаушы тасымалдау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Өткен жылы жедел жәрдем орталығының автопаркі 46 техникамен толыққан болатын. Оқушыларды мектепке тасымалдау мақсатында 60 автобус сатып алынды. Тағы, қалаға 100 заманауи қоғамдық көлік жеткізілді.

Енді полиция қызметкерлері бүгінге дейін қолданып келген ескі көліктердің орнын мынадай жаңалары баспақ. Заманауи темір тұлпармен жолдарды бақылау да, шақырту түскен жерге жету де әлдеқайда қолайлы.

Бекболат Бүркітбай, қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– Жүксіз салмағы – 1 700 келі. Қорабы 6 санатты. Өте ыңғайлы. Жылдамдықты тез арттырады. 132 аттың күші бар. Тиісті жерге тез бару үшін жылдамдықты тез арттыратын көліктің болғаны жақсы.

Жұмысты жылдам әрі сапалы орындауда қызметтік көліктердің алатын орны ерекше. «Hyundai Elantra» маркалы автомобильдер Алматы қаласында жинақталған. Оның 30 данасын сатып алуға өңірлік бюджеттен 267 млн теңге бөлініпті. Көліктердің жартысы республикалық маңызы бар жолдарда қызмет ететін мамандарға тапсырылса, қалғаны облыс орталығындағы көшелерді патрульдеуде қолданылатын болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы жылдары 209 автокөлік сатып алынды. Биылдың өзінде 127-сі әкелінді. Осылайша, жергілікті полиция департаментінің автопаркі 90 пайызға жаңарып отыр.

Алдағы күндері қала ішіндегі бейнебақылау құралдарының да саны артпақ. Қазір мамандар қай көшедегі камераларды ауыстыру қажеттігін анықтап жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қалаға 410 камера орнатылған. Бұрынғымен салыстырсақ 5 есеге көп. Барлығы қылмыстың азаюына жақсы әсер етеді. Жұмыс әлі де жалғасатын болады.

Айта кеткен жөн, патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің көмегімен жыл басынан бері 116 қылмыстың беті ашылып, 20 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Маржан Касымбек