Спорт

Солтүстікқазақстандық суда жүзушілер ел чемпионатынан жүлделі оралды

2 алтын, 1 қола. Ел біріншілігінде 15 жастағы Егор Василенко 3 бірдей жүлдеге қол жеткізген. Осылайша, спорт шебері нормативін орындаған. Түрлі қашықтықта чемпион атанған жас енді желтоқсанда өтетін халықаралық жарыста бақ сынамақ. Әзірге, сайыстың қай жерде ұйымдастырылатыны белгісіз.

Егор Василенко, суда жүзуден ел біріншілігінің жеңімпазы:
– 1-ші орынды 50 және 100 метрге “брасс” әдісі арқылы жүзуден жеңіп алдым. Ал қолаға 200 метр қашықтықта қол жеткіздім. Бұл жарыс өзіме қатты ұнады. Бұнымен тоқтап қалмаймын.


Жалпы, бұл Қазақстан чемпионатына облысымыздан 8 спортшы аттанған болатын. Солардың 4-еуі жүлдегер атанған.

Жүлдеге іліккендердің тағы бірі – Мирослава Пригоженко. Ол ел біріншілігінде 50, 100 және 200 метрге “еркін” стильде жүзген. Бұрымдыға бұйырғаны – 2 алтын, 1 қола.

Мирослава Пригоженко, суда жүзуден ел біріншілігінің жеңімпазы:
– Жарысқа тамыз айынан бастап дайындалдық. Қырғызстанға барып, 1 айлық оқу жаттығу жиындарынан өттік. Көрші елде күніне екі рет жаттығу жасадық. Нәтижесі жаман емес.

Ақтөбеде өткен ел біріншілігіне 250-ге тарта спортшы қатысқан екен.

Александр Савельев, суда жүзуден СҚО бойынша аға жаттықтырушы:
– Шәкірттерім жақсы өнер көрсетті. Біздің қоржынымыз жалпы 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медальмен толықты. Сондай-ақ, 2 спортшы спорт шебері нормативін орындады.


Айта кетейік, қазіргі таңда судан жүзуден облыс құрамасы университет бассейнінде жаттығып жүр.

Алдияр Айтпаев