Қоғам

Петропавлдағы 97 нысанда мүгедектерге тиісті жағдай толық жасалмаған

Петропавлдағы 97 нысанда мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдай толық жасалмаған. Бірінде, пандус тым биік, келесісінде шақырту түймесі істен шыққан. Бұл мәселе жайлы “Nur Otan” партиясының жергілікті филиалында өткен жиын барысында айтылды. Мамандар шаруаны жүрдім-бардым орындаған мекеме басшыларына бірнеше рет ескерту жасаған. Бірақ, олқылық әлі күнге дейін түзетілмепті.

Светлана Бусыгина, “Nur Otan” партиясы СҚОФ жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі

– Қалалық №2 ХҚКО-да пандустан көтеріле бергендегі табалдырық тым биік. Ол жерден мүгедектер арбасымен өту қиынның-қиыны. Осыдан 3 күн бұрын жағдаймен танысу үшін бардым. Есіктен кіре бергенде аяғым шалынып, өзім де құлап түсе жаздадым. Кей мекеме басшылығы заң жүзінде жаза қолданылмайтындығын біліп, ескертуді елемейді.

Әсем Рахметова, «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Желтоқсанның соңына дейін талаптарды орындамаған әр мекеме басшысымен кездесу өткіземіз. Әсіресе, пандус мәселесі назардан тыс қалмайды. Осы тақырыпты 1 айдан кейін қайта қарауды ұсынамын.

Бердимурат Баймухан