Мәдениет

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қос көрме жұмыс істеуде

Бұл көрме құрылғанына биыл 85 жыл толып отырған Солтүстік Қазақстан облысының бай тарихынан сыр шертеді. Әр бөлімге жеке-жеке тоқталсаңыз, құдды бір өткен өмірге тап болғандай күй кешесіз. Келушілердің назарына ұсынылған суреттерден әлеуметтік маңызы бар нысандар мен зауыт-фабрикалардың бұрынғы кейпін көруге болады. Бұл жерде астықты аймақ жайлы деректермен де танысуға мүмкіндік бар.

Самрат Құскенов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
– 1939 жылдың қазанында Ақмола облысы, 1944 жылы Көкшетау облысы бөлініп шықты. Сол себепті, өңір шекарасы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бұл көрмеде 85 жылда Солтүстік Қазақстан облысының жеткен жетістіктерін көруге болады.

Облыстың 85 жылдығына арналған көрмеге 100-ге тарта фотосурет пен 50-ге жуық экспонат қойылған. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне бас сұққан жан міндетті түрде екінші қабатқа көтерілуі қажет. Мұнда да көрме қанат жайған. Ол ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Самрат Құскенов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған “Менің тұғырлы елім” атты көрме ашылды. Көрме 30 жылда жеткен жетістіктеріміз бен облысымыздың бағындырған белестерінен сыр шертеді. Бұл көрмеде 40-қа жуық сурет бар.


Қос көрмемен жыл соңына дейін танысуға мүмкіндік бар. Келемін деушілерге есік ашық.

Алдияр Айтпаев