ТКШ

Елімізде 215 мың тонна дизель отыны қалды

Жақын арада елімізде көптің талқысындағы дизель отынының тапшылығы сейіліп, бағасы тұрақталмақ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бой көрсеткен энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.11-ші қазандағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 215 мың тонна дизель отыны қалған. Оның 123 мың тоннасы – мұнай қоймаларында. Вице-министрдің айтуынша, жағдай транзиттік көліктердің кесірінен ушығып кеткен. Өзге елдердің темір тұлпарлары құны әлдеқайда төмен отандық өнімді молынан құйып алады екен. Бағаның өзгеруіне Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы өзгеріс те әсер етті. Биыл жазда кәсіпорын жөндеуден өтіп, күзде ұлғайтылған қуатта жұмыс істеу жоспарланған. Бірақ, жаңғырту ісі күзге қалдырылыпты. Өндіріс ошағындағы шаруа қысқа дейін жалғаспақ.

Әсет Мағауов, ҚР энергетика вице-министрі:

– Қазан айында елімізде дизель отынын өндіру көлемі 330 мың тоннаны құрайтын болады. Сонымен қатар, елге үстіміздегі айда 80-100 мың тонна жанармай импортталуын күтудеміз. Осылайша, ішкі нарықты дизель отынымен қамту тұрақталады.

Бердимурат Баймухан