Қоғам

Аналарға арналып тегін бет әрлеу курстары өткізілуде

35 жастағы Анастасия Швец әрқашан жаңа дүниелерді үйреніп, өзін басқа қырынан көрсетуге тырысады. Жақында визажист курсына жазылыпты. Бүгін алғашқы сабаққа келіп, маманның айтқанын ұйып тыңдап отыр. Декреттік демалыстағы нәзікжандының 3 баласы бар. Алдында отырғаны – ең кішкентайы. Үлкен қызы Даун синдромына шалдыққан. Сол себепті, Анастасия жұмыс істемейді, бар уақытын балаларына арнайды. Жақын арада тегін курстарға қатысып, қыз-келіншектерді әрлеу арқылы нәпақа табуды ойластырып жүр.

Анастасия Швец, қала тұрғыны:
– Әлеуметтік желілерді парақтап отырғанда тегін сабақтар өтетінін көзім шалып қалды. Бірден ұйымдастырушыларға хабарласып, анық-қаныған сұрастырдым. Бет әрлеу бойынша көп дүние біле бермейді екем. Қазір визажистің әр сөзін дәптеріме жазып отырмын. Жалпы, мұндай сабақ күн ұзаққа жұмыс істей алмайтын аналар үшін таптырмас мүмкіндік сыйлайды деп ойлаймын.


Оқыту курсы 3 күнге созылмақ. Алғашында барлығы теория жүзінде айтылады. Қалған күндері қатысушылар модельдермен жұмыс істейді екен. Яғни, қарым-қабілеттерін ортаға салады, істің қыр-сырын тереңірек меңгереді. Қазір визажист Олеся Плессер қыз-келіншектерге бет терісінің түріне қарай қандай опа-далап жағу керектігін түсіндіруде.

Олеся Плессер, визажист:
– 3 күндік курс аяқталысымен аналарға халықаралық үлгідегі сертификат табыс етеміз. Оның көмегімен елімізде ғана емес, шетелдік салондарда да жұмыс істеуге болады. Кейбірін өзіміздің студиямызға жұмыс істеуге шақырсам ба деп отырмын.

Жалпы, бүгін тәжірибелі маманнан 30-ға жуық нәзікжанды сабақ алды. Тегін визажистік сабақ осыдан 4 ай бұрын құрылған “Бақытты отбасы” әлеуметтік орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.

Виталий Шеминг, «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының директоры:
– Орталық негізінен көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету мақсатында ашылған болатын. Осы уақыт аралығында бізге мың жарымнан астам солтүстікқазақстандық кеңес сұрап жүгінді. Мүгедек балалары бар, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы жанұялар – басты назарда.


«Ұйым өкілдері мұнымен шектелмейміз»,- дейді. Алдағы уақытта ошақ басындағы жандар үшін талай қызықты курстар өткізілмек.

Алтынай Казиканова