Бизнес және экономика

А.Исаков: “Семейный” “Магнумға” айналады

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Нарықта 17 жыл. Бүгінде “Семейный” супермаркеттерінің өңірде 21 сауда нүктесі бар. Алайда, жаңа жылдан кейін олардың барлығын бірдей “Магнум” басуы мүмкін. Жуырда әлеуметтік желілерде дәл осындай хабар тарады. Тұрғындар өздерінің ең сүйікті әрі қаладағы ең ірі сауда желісінің тағдырына алаңдаулы.

Әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазған жаңалық қауесет болмай шықты. “Семейный”-дың “Магнум”-ға өтетіні – шындық. Мұны сауда желісінің директоры Андрей Исаков растады.

Андрей Исаков, “Семейный” сауда желісінің директоры:

– “Магнум” біздің сауда желісіне қызығушылығын тамыз айында білдірді. Содан бері келіссөздер жүргізіліп, ұсыныстар айтылды. Соңғы екі аптада супермаркеттеріміздің тағдыры толық шешілді. Қос тарап үшін де тиімді келісім-шартқа отырдық. “Семейный” брендіне тиесілі барлық 21 нүкте “Магнум” компаниясына 7 жылға жалға беріледі.

Ал, “бизнесті тартып алды, Исаковқа қысым көрсетілді, қорқытты” деген бос сөз болып шықты. Сауда желісі директорының инфаркт пен инсультке шалдыққаны туралы хабар да қауесет. Андрей Исаков сауда орындарын өз еркімен жалға беруде. Процесс басталып та кетті. Бүгінде екі бірдей супермаркет “Магнум”-ның басқаруына өткен. Әзірге, олар “Семейный” ретінде жұмысын жалғастырады. Кейін компания ребрендинг жүргізуді көздеп отыр. Осылайша, сары-жасыл түсті сауда желісі біртіндеп қала нарығынан толық жойылмақ.

Андрей Исаков, “Семейный” сауда желісінің директоры:

– “Семейный” – менің жан-дүниемнің бір бөлшегі. Жылдар бойы сауда желісінің дамуы үшін еңбектендім. Мұндай шешімді қабылдау оңайға соққан жоқ. Бірақ, оның өз себептері бар. 21 нүктені басқару оңай емес. Бүкіл уақытым тек жұмысқа кетеді. Физикалық әрі моральды тұрғыда жалығым кеттім десе де болады. Менің бала-шағам бар. Оларды соңғы уақытта көруден де қалдым. Сондықтан, осындай қадамға баруға бел будым.

Сырт көзге оңай болып көрінуі-ақ мүмкін. Алайда, бір дүкеннен бастап, оның санын 17 жылдың ішінде 21-ге дейін жеткізіп, ең үздік болу шынымен де тәулігіне – 24 сағат, аптасына 7 күндік еңбекті талап етеді. Өмір – жалғыз. Оны жатсаң да, тұрсаң да жұмыс пен бәсекелестерден алда болуды ойлаумен өткізгім келмейді дейді Андрей Исаков.

Андрей Исаков, “Семейный” сауда желісінің директоры:

– Бүгінде сауда желісінде жалпы саны 2300-ден аса адам еңбек етеді. Олардың бірде-біреуі жұмыстан шығарылмайды. Бұл – “Магнум” компаниясымен жасалған келісім-шартта көрсетілді. Сондықтан, мамандарға уайымдаудың қажеті жоқ. Еңбек шарты мен жалақы көлемі де төмендемейді.

Андрей Исаков бизнестен мүлдем шеттетілмейді. Ол “Магнум” Cash&Carry компаниясының стратегиялық әріптесі болмақ. Сондай-ақ, супермаркеттер мен гипермаркеттер орналасқан нысандар Исаков мырзаның меншігінде қалады.

Эльмира Садвокасова