Қоғам

Сергеевкаға сән кірді


 

Биыл Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкада ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қаланың орталық алаңындағы саябақ жөнделіп, көшелерге мыңнан аса жарықшам орнатылды. Салауатты өмір салтын ұстану үшін де жағдай жасалды. Үстіміздегі жылы мұнда ашық аспан астындағы футбол, воркаут алаңдары пайда болды. 6 бірдей балалар алаңқайы салынды. Жол мәселесі де назардан тыс қалмаған.

– Сергеевкада жолдар жөнделіп жатыр. Қаламыз жақсарып келеді. Қоқыстар жиналып тұрады.

– Балаларға таңертең сабаққа баруға оңай. Көшелер жарық.

2021-де көшелерге қиыршық тас төсеп, қалыпқа келтіруге 100 млн теңге бағытталған екен. Алдағы жоспар да белгілі.

Сайлаубек Қошанов, Сергеевка қаласының әкімі, Шал ақын ауданы:

– Біздің Сергеевка қаласында 83 көше мен қиылыс бар. Соның барлығын 2022 жылы жөндемекпіз. Қазір экспертиза жасалып, ақша бөлу жұмыстары қарастырылып жатыр. Асфальт төсейтін боламыз.

Таза ауыз су мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Биыл аудан орталығындағы қосқабатты үйлерге тіршілік көзін тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде шаруаның 50 пайызы тындырылған. Баспана мәселесіне көшсек, Сергеевкада ескі үйлер жөндеу көріп жатыр. Қала әкімі Сайлаубек Қошановтың сөзінше, алдағы бірнеше жылда баспанаға кезекте тұрған отбасылар көптен күткен қоныс тойын тойламақ.

Сайлаубек Қошанов, Сергеевка қаласының әкімі, Шал ақын ауданы:

– Кезінде қирап қалған 4 қабатты 48 пәтерлі үйді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол 20 жыл кезекте тұрған адамдарға беріледі. Сосын 3 қабатты үйде 9 пәтер жөнделіп жатыр.

Аудандағы ескі ғимараттарды қалыпқа келтіру жұмыстары басталғалы баспанаға кезекке тұрған жандардың қатары да көбейген екен. Қазіргі күні тізімдегі тұрғындардың саны 400-ге жуықтапты. Айта кету қажет, келесі жылы аудан орталығында 27 пәтерлі үй бой көтеріп, қолданысқа тапсырылмақ.

Бердимурат Баймухан