ТЖ

СҚО-да өрттен 83 жастағы ер адам қаза тапты

Қайғылы жағдай қазанның 6-сы Новоникольск ауылында орын алды. Кешкі алты кезінде құтқарушыларға жер үйдің шатыры мен кіреберісі отқа оранғаны туралы хабар жетті. Бескөлден шыққан мамандар жеткенше, қызыл жалынмен “Зенченко” серіктестігіне қарасты өрт сөндіру тобы күресті. От 21 шаршы метрді шарпыған.

Аслан Ахметжанов, Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Оқиға орнында 83 жастағы ер адам қаза тапты. Қария бір күн бұрын өзінің туған күнін атап өткен екен. Марқұм болған адам Новоникольск селосында соңғы 5 жыл бойы жалғыз тұрып келген. Ауылдастарының айтуынша пешін биыл жазда ғана жөндеуден өткізген.

Алайда, қария мұржаның жағдайын қарамаған көрінеді. От темір қатты қызып, шатырындағы ағаш конструкциялардың тұтануынан пайда болған. Бұл – Қызылжар ауданында жыл басынан тіркелген 71-ші өрт оқиғасы. 9 айдың ішінде қызыл жалын 4 адамның өмірін жалмап, тағы 3 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған.

Аслан Ахметжанов, Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Төтенше жағдайлардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда 68 пайызы жеке секторда тіркелді. Оған – тұрғындардың пеш пен электр құрылғыларын ұқыпсыз пайдаланып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп. Тағы жыл басынан 6 орман, тағы осынша автокөлік өрті тіркелді.

Брифинг барысында құтқарушылар өзен-көлдердегі жағдайда да тоқталды. Күз мезгілі – балық аулаушылардың сүйікті маусымы. Сондықтан, мамандар қауіпсіздік ережелерін ұстану қажеттігін ескертті. Қатты жел кезінде және түнде балық аулауға шықпау керек.

Эльмира Садвокасова