Көлік және жолдар

Петропавлдағы сапаржай шығынға батуда

Пандемиядан енді ес жиып, тамырына қайтадан қан жүгірген сапаржайға дизельдік отынның қымбаттауы ауыр соққы болып тиді. Қызметкерлер: «Тіпті, автовокзал жабылып қала ма?»-, деп алаңдап отыр. Өйткені, жолаушы саны да бұрынғыдан біршама азайып қалған. Осындай құбылыстың орын алуына карантин кезінде ресми тасымалдаушылардың тоқтап, такси қызметінің күшеюі әсер еткен.

Алтынай Қазиқан, тілші:

– Ауылдан қалаға қатынайтын осындай газельдердің іші бұрын лық толы болатын. Қазір елді мекеннен 2-3-ақ адамнан келеді. Жол ақысы арзан болса да тұрғындар таксиді таңдайды екен.

Ресми тасымалдаушы тарап шығынға батпас үшін әрі жұмыссыз қалмас үшін билет құнын осыдан 2-3 ай бұрын әжептәуір төмендетіпті. Мәселен, қаладан Жамбыл ауданындағы Майбалық ауылына автобуспен жету үшін бұрын жол ақысы 1800 теңге болса, қазір небәрі – 1200 теңге.

Асхат Қоспанов, автобус жүргізушісі:

– Коронавирус кезінде бізді жауып тастады. Біздің бағамыз арзан. Сонда да таксистер бізге дес беретін емес. Жұмасына 5 рет қатынаймын. Сейсенбі, сәрсенбі – демалыс күндері. Сағат 11-де – ауылдан, кешкі 5-те қаладан шығамыз.

Билет құны төмен болғанымен «Жолаушы саны күннен күнге азайып барады»,- дейді жүргізушілер. Бұған автобус жүргізушісі Ғабит Біләловтың сөзі дәлел. Ол бүгін Айыртау ауданына қарасты Светлое ауылынан 1 ғана адамды әкеліпті. Жолаушы тасымалдап, нәпақа тауып отырған жандар: «Ертеңгі күніміз не болады?»,- деп алаңдауда. Пайда түспегендіктен, темір тұлпарларын сатып жібергендер де бар.

Ғабит Біләлов, автобус жүргізушісі:

– Бас кезінде үлкен-үлкен автобустарым болған. Бәрін сатып, 5-ші апрель күні 16 орындық шағын газель алдым. Осының өзінде кісілер арасында болмай қалады.

Автобуспен қатынау таксиге қарағанда әлдеқайда арзан. Мәселен, Тайыншаға автобуспен жетсеңіз – 960, ал таксиге мінсеңіз 3 мың теңге төлейсіз. Үйдің алдынан алып кетіп, меңзеген мекен-жайға жеткізетін жеңіл көлік қызметі қымбат болса да карантинде жайлылыққа үйреніп қалған жұртшылық таксистерге жүгінеді. Сапаржайдың қарсы жағындағы көлік тұрағынан күніне ондаған такси қатынайды. Вокзал қызметкерлері мен автобус жүргізушілері жолаушы алуға жанталасқан жандардың жұмыс уақыты мен бағасы заңмен бекітілсе екен дейді. Дегенмен, үйреншікті автобус-газельмен жүретіндер әлі де жоқ емес, бар.

– Автобуспен жүремін. Бізде 2 автобус бар. Қалаға тез жетіп, күні бойы шаруаларымды аяқтап, кешке қайта кетемін. Автобуспен тиімдірек.

– Мен қалаға автобуспен жиі келіп-кетіп жүремін. Өйткені, бағасы қолжетімді әрі бекітілген кесте бойынша қатынайды.

Бір жыл бұрын облыс орталығы мен аудандар арасында 100-ден аса автобус қатынапты. Қазір 45-і ғана қалған. Жолаушылары азайған тасымалдаушылар мемлекеттен көмек сұрап жүгініпті. Нәтижесінде, былтыр – 13, осы жылы 21 маршрут субсидияланады. Өзгелері өтініш білдірмепті.

Мирхат Әбілмәжінов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Біз үстіміздегі жылы қосымша 21 маршрутты қостық. Бүгінгі таңда бекітілген әлеуметтік маңызы бар маршруттардың саны 34-ті құрайды. Жалпы, жолаушы тасымалын субсидиялауға 400 млн теңге бөлінді. Оның 153 млн-ы игерілді. Былтыр бұл мақсатқа 200 млн теңге бағытталған болатын. Биыл қаражат екі есеге артып отыр. Бұл жолаушылар ағынын арттыруға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Қаладағы сапаржайдың келешегі тұманды. Мирхат Әбілмәжіновтың сөзінше, қазір автовокзалды сақтап қалудың жолдары қарастырылып жатыр. Әзірге, тиісті шешім қабылданбаған.

Алтынай Казиканова