Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында бройлер құс фабрикасы іске қосылмақ

Бұл болашақ – бройлер құс фабрикасы. Өндіріс ошағы Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка ауылында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың тамызында басталыпты. Қазіргі шаруа қызу жүріп жатыр. Мұнда 50-ден астам адам бел жазбай еңбек етуде.

1 жылдың ішінде бос жатқан жерде әкімшілік ғимарат, су жинақтау станциясы мен құс өсірілетін 3 корпус пайда болды. Жоспар бойынша мұндай тағы 3 нысан тұрғызылмақ. Бірақ, бұл келесі жылы жүзеге асырылады. Мынау – құс сою цехы. Осы жерде ет терең өңдеуден өтеді. Цехтің құрылысы таяу арада аяқталады.

Радий Көшербаев, “ПТФ “Жаңа құс” ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Құс фабрикасына қажетті қондырғыларды шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген мемлекеттік қаржыға сатып алдық. Бүгінде өндіріс ошағына қажетті заман игіліктері толығымен жеткізілді. Қондырғылар отандық өндірушілерден бөлек, Ресей, Беларусь елдерінен де әкелінді.

Кәсіпкер өз ісін бастау үшін мемелкеттен 600 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алыпты. Жылдық мөлшерлемесі 7 пайызды құрайды. Ең бастысы қарызды 2 жылдан кейін қайтара бастауға болады. Яғни, осы аралықта іскер жан өз ісін еш кедергісіз өрбіте алады.

Радий Көшербаев, “ПТФ “Жаңа құс” ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

– Құс фабрикасын қараша айының соңында немесе желтоқсанның басында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Толық қуаттылыққа келесі жылы шығамыз. Нәтижесінде өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы 1200 тонна құс етін құрамақ. Өнімді облысымыздың барлық аудандарына жеткізетін боламыз.

Таяу арада дайын тұрған 3 корпусқа 60 мың бройлер жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, нысанның ашылуымен 50 адам жұмыспен қамтылады. Әрқайсысының жалақысы 150 мың теңгеден жоғары болады.

Дана Ешкенова