ТКШ

“Есіл су” филиалының өкілдері баспасөз турын ұйымдастырды

Бұл – Соколов өндірістік учаскесінің негізгі бөлігі. Мұнда Есіл өзенінен келген су сүзгіден өтіп, жіті тазартылады. Бүгінгі күні аталған кәсіпорында дәл осындай 5 сүзгі бар екен. Бесеуінің қауқары тәулігіне 9 мың текше метр тіршілік көзін тазартуға жетеді.

Асқар Тілеубаев, “Нұра топтық су құбыры” кәсіпорны «Есіл су» филиалы Соколов өндірістік учаскесінің басшысы:

– Су 3 фракциялы қиыршық тас пен кварц құмының көмегімен тазартылады. Іс автоматты түрде атқарылады. Диспетчер жұмыс барысын арнайы монитордан бақылап қана отырады. Сүзгілер күн сайын тазаланады.

Есілден келген су да, сүзгіден өткен су да арнайы зертханада тексеріледі. Мұнда 4 маман жұмыс істейді. Олар әр 3 сағат сайын өзеннен алынған және тазартылған тіршілік көзінен сынама алып, талдау жасайды.

Асқар Тілеубаев, “Нұра топтық су құбыры” кәсіпорны «Есіл су» филиалы Соколов өндірістік учаскесінің басшысы:

– Зертхана аттестаттаудан өткен. Талдау жұмыстары жүргізілетін кабинет тәулік бойы жұмыс істейді. Тасқын кезінде су жан-жаққа жайылатындықтан сағат сайын зерттеу жүргіземіз. Айына бір рет елді-мекендерге шығып, сынама аламыз. Осылайша, бізден таратылатын тіршілік көзі ауылдарға қандай күйде жететіндігін анықтаймыз.

Мамандардың тексерісінен өткен тіршілік көзі мына құбырлар арқылы тұтынушыға жетеді. Желінің ұзындығы 233 шақырымды құрайды. Жалпы, Соколов өндірістік учаскесінен су Қызылжар ауданындағы 8 ауылдық округке тарайды.

Асқар Тілеубаев, “Нұра топтық су құбыры” кәсіпорны «Есіл су» филиалы Соколов өндірістік учаскесінің басшысы:

– 2018 жылы учаске күрделі жөндеуден өтті. Құбырлар мен насостардың барлығы ауыстырылды. Жаңа қондырғылар іске қосылды. Атқарылған шаруаның арқасында тәулік бойы жұмыс істей алатын жағдайға жеттік.

Соколов өндірістік учаскесін толық аралағаннан кейін «Есіл су» филиалының өкілдері жылдық жұмысты баян етті. Мамандар биыл “Смирново-Заматаевка” су торабын толық жөндеуден өткізген. Бұл жобаны іске асыру үшін кәсіпорын 80 млн теңге бағыттаған. Бұдан өзге де істің басы қайырылған екен. Алдағы жоспар да айқын.

Никита Забавин, “Нұра топтық су құбыры” кәсіпорны «Есіл су» филиалының бас инженері:

– 2022 мен 2026 жылдар аралығында апаттық жағдайдағы учаскелер мен құбырларды ауыстыру көзделуде. Арнайы техника алуды жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге де жұмыстар атқарылмақ. Барлығына республикалық бюджеттен 2 жарым млрд теңге ақша бөлініп отыр.

Бүгінде «Есіл су» филиалы облыста 11 ауданды және Қостанай облысында 2 ауданды таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

Алдияр Айтпаев