Қылмыс

Айыртау ауданында зығыр ұрлаған екеу ұсталды

Зығырды бөтен біреу емес, осы агроқұрылымда еңбек еткен КамАЗ және трактор жүргізушілері ұрлапты. Түн ішінде жымқырғандары – 5 тонна. Ақшаға шаққанда, бұл – 1 млн 700 мың теңгенің өнімі. Пысықайлар жақын маңда камера барын білмесе керек. Тәртіп сақшылары дәл сол бейнебақылау құралының көмегімен анықтаған. Қолға түскендердің бірі 35-те, екіншісі 40 жаста. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігі – «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған зығыр иесіне қайтарылды. Күдіктілердің кінәсі толық делелденсе, 3 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін немесе 5жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Егін жинау науқаны басталғаннан бері жаңа астық ұрлаудың 4 қылмысы тіркелді. Олардың барлығы қысқа мерзімде ашылды. Ұрланған дақылдардың салмағы 67 тоннадан асып жығылады. Ғабит Мүсірепов ауданында – 11 тонна бидай, Жамбыл ауданында – 10 тонна бидай, Тайынша ауданында – 40 тонна жасымық және Айыртау ауданында – 5 тонна зығыр.

«Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары ауылды жерлерде үздіксіз рейд өткізуде. Бұл мақсатта әр ауданда арнайы мобильдік топтар құрылған.

Маржан Касымбек