Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда сенбінің таңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Жылқының келісі 2400, қойдікі – 2300, сиырдың бір келісі 2100. Мұндай бағаларды қала дүкендері мен супермаркеттерінен қазір кезіктірмейсің. Сондықтан, шаһарлықтар сенбілік таңын жәрмеңкемен атыруда.

Жәрмеңкеге жеткізілген азық-түліктің бағасы бекітілген. Тауардың құнын баннерде көрсетілген сомадан көтеруге рұқсат жоқ. Бірақ, қалалықтарға жеңілдік жасаймын десең – мархабат. Мәселен, Тайынша ауданынан ат терлетіп келген Амандық ауылының ағайыны cатылымға 80 келі қой етін шығарыпты. Бағасы өзгелермен салыстырғанда арзанырақ. Сондықтан болар, сапалы, балғын өнімге деген сұраныс жоғары. Тауардың жартысы бір сағаттың ішінде-ақ өтіп кетті.

Болат Сағындықов:

– Өте семіз жас тоқтыларды әкелдік. Петропавл халқы қойдың етінен ауыз тисін деп. Бағасы 2300 деп бекітіліп еді, біз одан арзанырақ сатып жатырмыз. Себебі, кей адамдардың жағдайы жетпейді. Халық өте риза.

Петропавлдық Ләйлә Керейбаева да таңын жәрмеңкемен атырды. Қалаға нәзікжанды отбасымен 5 жыл бұрын қоныс аударыпты. Содан бері ауылдың май-қаймағы, сүті мен етін жиі сағынатын көрінеді. Шаһар тұрғыны тігілген шатырларды аралап, қоржындарын олжаға толтыруда.

Ләйлә Керейбаева, қала тұрғыны:

– Жәрмеңкеге ет алуға келдік. Бүгін етті көп әкеліпті. Қой еті, сиыр еті, жылқы еті. Бағалары дүкенге қарағанда арзанырақ. Көкеніс те алдық. Тәтті бұрыш алдық, өзімізге, балаларға қысқыға салат істейміз.

Ет, сүт, шұжық пен көкөніс алғаннан кейін Булаев майы мен жұмыртқаға да баруға болады. Тауардың бұл екеуіне ұзын-сонар кезек құрылған. Әсіресе, Бескөл құс фабрикасының жұмыртқасын аламын деушілердің қарасы қалың. Әйтпегенде ше. Тауардың ондығы мұнда 260 теңгеге бағаланған. Ал, дүкенге барсаң, екі есеге шығындаласың. Жалпы, сенбілік жәрмеңкеге елді мекендіктер барлығы 169 млн теңгенің мың тонна өнімін жеткізген. Оның тең жартысын төрт түліктің жем-шөбі құраса, қалғаны – азық-түлік.

– Бағалар жақсы, дүкенге қарағанда арзан. Қойдың етін алдық, жылқының етін алдық.

– Азық-түліктің бағасы қолжетімді. Тауар түрі көп бізге ұнады. Екі апта бұрын болған жәрмеңкеде де біраз өнім алған едік.

– Өткен жолы да ет алдық, жұмыртқа алдық. Бүгін де ет алдық. Бағалары арзан әрі ұнаған жеріңнен таңдап аласың.

Қала тұрғындары алғыстарымен бірге, жәрмеңкеге қатысты ұсыныс-тілектерін де білдірді. Көпшілік Жұмабаев көшесінің жабылғанына қарсылықтарын білдірді. Шаһарлықтарға темір тұлпарларын алыста тастап, пакет-пакет еттері мен қап-қап көкөністерін жаяу жеткізулеріне тура келді. Бұл ретте келесі жолы жақын маңнан арнайы көлік тұрағы қарастырылса дейді петропавлдықтар.

Эльмира Садвокасова