Қоғам

Петропавлда «Business Lady Qazaqstan» байқауы өтті

Бір қолымен – бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен жандар. Әйел қырық жанды: бала қарап, үйдің шаруасын тындырады. Ерлермен бірге иық тіресе жұмыс істеп, арасында сәнденуге де үлгереді. Байқауға қатысушы 7 нәзікжандының барлығы осы қасиеттерді бойына сіңірген.

Алғашқы кезеңде қыз-келіншектер өздерін таныстырады. Қала тұрғыны Маржан Тәжімұратова – 3 баланың анасы. 30 жастағы келіншек нумеролог, астролог әрі чакрологпын дейді.

Маржан Тәжімұратова, байқауға қатысушы:

– Бір жыл болды осы іспен айналысып жүргеніме. Осы уақыт аралығында 317 адамға консультация бердім. Кейбіреуі өз кәсібін ашып, ісін ары қарай алып кетті. Сенімсіздік те, қорқыныш та болды. Психолог ретінде айтатыным, адам қорқынышқа қарай жол тартса сол жерде белестерге жетеді.

Ал Валерия Дмитриеваны да «сегіз қырлы, бір сырлы әйел» деуге болады. Ол құйма құйып, мүсін жасайды, картина салатын рамка әзірлеп, кесте тігеді. Шығармашылыққа жаны жақын келіншектің бұл іспен айналысып жүргеніне 10 жыл болған.

Валерия Дмитриева, байқауға қатысушы:

– Декреттік демалысқа шыққанда да қол қусырып отырған жоқпын. Өз кәсібімді дамыту үшін тынбай тер төктім. Тапсырыс берушілер саны күн санап артып, ісім өрге жүзді. Ал байқау барысында өзімнің басқа да шығармашылық қырларымды ашқым келеді.

Танысу аяқталған соң қазылар алқасы өз бағаларын берді. Маржан Тәжімұратованың қазақ тілінде әзірлеген қысқа да нұсқа сәлемдесуі көпшіліктің көңілінен шықты. Төрешілердің барлығы бірдей 10 санын көтерді.

Келесі кезек – сұрақ-жауапта. Мұнда қатысушылар қазылар алқасы немесе танымал жандар қойған сауалға қатысты өз ойын айтады. Ал байқаудың үшінші кезеңінде келіншектер алдын ала әзірлеген шығармашылық нөмір көрсетті. Бұл – сайыстың шешуші бөлігі.

Ризагүл Ысқақова, «Business Lady Qazaqstan» республикалық әйелдер қауымдастығының Петропавлдағы жетекшісі:

– Біздің талаптарымыз жеңіл. Пандемияға байланысты бәрін қысқарттық. Қазылар алқасында – астанамыздан келген қонақтар мен жерлестеріміз.

Көпшіліктің қалауымен Маржан Тәжімұратова «Business Lady Qazaqstan» республикалық байқауының Петропавлдағы жеңімпазы атанды. Оған Дубайға бір адамға жолдама берілді. Өзгелері түрлі сертификаттармен марапатталды.

Маржан Касымбек