Қылмыс

Петропалда түнде көше кезіп жүрген 13 жасөспірім ұсталды

Петропалда түнде көше кезіп жүрген 13 жасөспірім ұсталды. Тәртіп сақшылары “Заң және жасөспірім” жедел-алдын алу шарасының бірінші күнінде кәмелетке толмаған осынша баланы үйіне жетектеп алып барған. Жасөспірімдердің арасында болатын қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған рейдке білім беру саласының өкілдері мен еріктілер қатысқан.

Қазіргі уақытта қала бойынша 150-ге жуық отбасы полиция басқармасының есебінде тұрғанын еске сала кетейік. Оның 95-і арнайы тізімге биыл түскен. Жыл басынан бері облыс орталығында 60-тан астам ата-ана жасөспірімнің ішімдік ішуіне жол берген, 30-дан астамының баласы түнгі көңіл көтеру орындарында ұсталса, ал 500-ден астамы түнгі уақытта баласының тіпті қайда жүргенін де білмеген. Содан 800-ге тарта заңды өкіл жауапкершілікке тартылған.

Данаш Хамзина