Спорт

Өңірде ат жарысы маусымы жабылды

Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын ағайын Бескөлдегі “Құлагер” ипподромына жиналып жатыр. Бүгін делебе қозар нағыз сайыс өтпек. Өйткені, Қызылжар ауданына жан-жақтан тәжірибелі шабандоздар мен ауыздықпен алысқан тұлпарлар келді. Қатысушылардың арасында көршілес өңірдің атбегілері де бар.

Ержан Молдабаев, жарыстың бас төрешісі:

– Жарыс 7 додадан тұрмақ. Олар: “Аламан бәйге”, “Құнан бәйге”, “Ұшқыр бәйге”, 3 және 4 жастағы желісті аттардың жарысы. 50-ден астам адам қатысуда. 40-тан астам ат әкелінді. Шабандоздар Көкшетау, Астана, Щучинск, Петропавл қаласы мен өңіріміздің аудандарынан келді.

Ең алдымен “Ұшқыр бәйге” ұйымдастырылды. Ортаға желдей жүйрік арғымақтарды тізгіндеген 4 шабандоз шықты. Атбегілер 1800 метрге шапты. Бұл – шамамен бір жарым айналым. Тартысты сайыста мәре сызығын алғаш болып қызылжарлық Дмитрий Волков кесті. Ол белгіленген қашықтықты “қамшы салдырмайтын” күрең тұлпарымен 1 минут 45 секундта еңсерді.

Дмитрий Волков, шабандоз, Қызылжар ауданы:

– Жарыс сәтті өтті. Өзім ойлағандай шауып өттім. Додаға атымды жақсы дайындадым. Бұл тұлпармен биыл Қазан, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында шапқан болатынмын. Ол сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көріндім.

Арбаға жегілген 3 жасар желісті аттардың жарысы дүбірлі доданың одан әрі көркін қыздырды. Бұл сайыста есілдік шабандоздың бағы жанды. Ол бәсекенің бастапқы кезеңінде қарлыстарынан әжептеуір артта қалды. Алайда, кейін қуып жетті. Жарыс жолының аяқталуына шамамен 200 метрдей қалғанда басып озып, мәреге жеке дара келді.

Бескөлде құнандар да көсіле шапты. 7 шақырымдық додада тайыншалық Сәкен Құдақұловтың асығы алшысынан түсті. Ол жарыстың басынан соңына дейін алдына қара салмады. Осылайша, белгіленген қашықтықты 8 минут 36 секундта бағындырып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

“Әке көрген оқ жонар” дегендей 13 жастағы Сәкенге атта отыруды әкесі үйретіпті.

Сәкен Құдақұлов, шабандоз, Тайынша ауданы:

– Мен 7 жасымда атқа отырдым. Бәйгелерге қатысып тұрамын. Бүгінгі жарысқа жақсы дайындадым.

Көпшілік жалға жармасқан жастар мен тұяқтарымен топырақ төңкерген тұлпарлардың сайысын қызыға тамашалап тұр. Араларында топқа қосылған баласын уайымдаған ана да, болашақ шабандоз да бар.

– Жарыс жақсы өтіп жатыр. Қазақстан үшін бұл – үлкен қуаныш.

– Балама жанкүйер болып келдім. Уайымдап тұрмын. Жеңіске жетеді деген ойдамын.

– Мен бүгін жарысқа келдім. “Құнан бәйге” болды. Өзім де жуық арада шабамын.

Ең соңында көрермен “Аламан бәйгені” тамашалады. Мұнда шабандоздар әбден жаратылып, ащы терлері алынған тұлпарлармен 16 шақырымға шапты. Бұл сайыста да тайыншалық Сәкен Құдақұловтың мерейі үстем болды. Дода соңында жүлдегерлер ақшалай сыйақы және кубок, медальдармен марапатталды.

Байболат Култанов