Мәдениет

Облыстық филармония 57-ші концерттік маусымын ашты

Концерттің шымылдығын жергілікті «Melomix» тобы ашты. Өнерлі жігіттер Ақан серінің “Терме” атты шығармасын заманауи үлгіде орындап, кешке ерекше серпіліс берді. Аталған топтың сахнаға шыққанына 3-4 жыл болып қалған екен. Аз уақыттың ішінде жастар көрермен көзайымына айналып үлгерген.

Медет Ибадуллаев, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Melomix» тобының жетекшісі:

– Жаңа авторлық әндер жазылып жатыр. Филармония қабырғасында жұмыс жасайтын Біржан Есжан атты ұлдарыңыздың әніне, Жарқын Жұпарханның сөзіне жазылған “Қызылжар ұраны” туындыны паш етпекпіз алдағы уақытта.

Домбыра, қобыз, скрипка, виолончель, тағысын тағы. Сахна төрінде – түрлі аспаптың үнін қосқан Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі. Бұл ұжымның құйқылжыта орындауын көрермен ұйып тыңдап, тоқтаусыз қол шапалақтады.

Бүгінгі кешке аталған ұжым 3 туынды әзірлепті. Олар: “Уақыт заманы”, “Туған жер” және “Вальс” шығармасы. 2 жыл көлемінде оркестр өз тыңдармандарымен байланысты үзбей онлайн араласқан. Алайда, қашықтықтан концерт ұйымдастыру бұл бір бөлек, ал өнерсүйер қауымның алдында жанды түрде өнер көрсету басқа дүние дейді, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қайырлы Ғафуров.

Қайырлы Ғафуров, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР мәдениет қайраткері:

– Облыстық филармония өзінің 57-ші концерттік маусымының ашылуын көрермендерімен мерекелеп жатыр. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы болғанан кейін туған ел, туған жер тақырыбында әндер дайындап жатырмыз.

Жалпы, көптен күткен концертке облыстық филармонияның өнер майталмандары түгел қатысты. 30-ға жуық әсем ән шырқалып, мың бұралған бишілер би биледі. Екі сағатқа жалғасқан концерт көптің көңілінен шықты.

– Жергілікті әртістердің өнерін сағынып қалыппыз. Концертке туысқандарыммен келдім. Кеш керемет өтті.

– Өнерпаздар өте өнерлі. Әсем ән тыңдап, көрікті билер биленді. Филармония ұжымын жаңа маусымның басталуымен құттықтаймын.

Дана Ешкенова