Мәдениет

Алаш қозғалысына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

Құран аяттары Барлыбай есімді бабамыздың ұрпақтарының рухына бағышталып жатыр. Әлти, Тәбей, Тәшмұхамед, Ақыш, Көкен сері деген адамдар – өз кездерінде кәсіпкер, би, болыс болып қазақ халқының жыртығын жамауға үлесін қосқан жандар дейді тарихшылар. Жақсылығымен елге танылған тұлғаларға арналып бүгін Петровка ауылының маңында мазар ашылды.

Теріскей өңіріне келген зиялы қауым өкілдері осы маңнан 3 шақырым жерде орналасқан Әлти байдың қыстауына ат басын бұрды. 100 жылдан астам уақыт бұрын дәл осы жерде Солтүстік Қазақстан ғана емес, бүкіл еліміздің саясаты мен тарихы үшін ерекше маңызы бар аса ірі оқиға болды. 1918 жылдың жазында осында Міржақып Дулатұлы бастаған Алашордашылар ұйымдастырған жиналыс өткен. Құрылтайға теріскейден ғана емес, Омбы, Қорған, Ақмола, Көкшетау мен Атбасардан бөлек өзге де жерлерден 10 мыңнан аса адам жиналыпты.

Сабыр Ахметжанұлы, Қазақстан Республикасының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі:

– Олардың барлығы Алаш көсемдерін көріп, сөзін тыңдап, өздерінің ойын білдіру үшін және қазақ елінің азаттығын көздейтін Алаштың бағдарламасы мен қоғамдық қызметіне қолдау көрсету үшін 400-500 шақырым жерден атпен жүріп жеткен. Бұл құрылтай солтүстік қазағының оянғанын көрсетті.

Ғалымдардың сөзінше 2018 жылдың 24-ші маусымында Әлихан Бөкейхан Алаш мемлекетінің алғашқы заманауи ресми қорғаныс министрлігін құрған. Бекітілген құжат бойынша әскери кеңестің құрамына әр облыстан мыңдаған жауынгер енді. Алаш әскерінің қатарында солтүстіктікқазақстандық сарбаздар да болған екен. Ал оларға жылқы беріп, қару-жарақпен қамтамасыз еткен адам дәл осы ауданның тумасы Әлти бабамыз болған.

Сұлтан-Хан Жүсіп, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Семей, Орал, Жетісуда алғашқы Алаш әскерінің полкі құрылды. Мысалы, Қостанайдағы Алаш Орда үкіметінің полкін Міржақып Дулатұлы басқарды.

Армия құрудағы басты мақсат – Кеңес үкіметінің солақай саясатына қарсы тұрып, халықты қанаған большевиктермен соғысу болды. Осылайша ел егемендігін алу.

Шара барысында Әлти байға арналып мемориалдық тақта ашылды. Мамандардың сөзінше болашақта бұл маңда этно-ауыл мен мемориалдық кешен орнатылмақ. Кейін жиналған қауым Жамбыл ауданындағы мәдениет үйінде өткен халықаралық ғылыми теориялық конференцияға қатысты. Алқалы жиында зерттеуші-ғалымдар Алаш Орда қайраткерлерінің еңбектеріне шолу жасап, тәуелсіздікке дейінгі тарих сырлары айтылды.

Бердимурат Баймухан