Қоғам

Жамбыл ауданында Алаш қозғалысына арналған халықаралық конференция өтеді

Солтүстік Қазақстан, оның ішінде Петропавл қаласы – 20-шы ғасырдағы Алаштың орталығы. Аққайыңдар өлкесіне келген ғалымдар өз сөздерін осылайша бастады. Мұны дәлелдейтін деректер де аз емес. Тарихшылар соңғы бірнеше жыл бойы Минск, Киев, Мәскеу, Бішкек, Рига мен Ташкент мұрағаттарына бас сұғып, қазақ жеріне қатысты барлық ақпаратты зерттеп, зерделеуде. Оның ішінде Алаш қозғалысының алатын орны бөлек. Ұзақ уақыт бойы жиналған тарихи мағлұматтармен ғалымдар ертең Жамбыл ауданында өтетін халықаралық конференцияда бөліспек.

СұлтанХан Жүсіп, “Алашғылыми зерттеу институтының директоры:

Қызылжар аумағында Әлти деген атақты бай болған. Ол кезінде Алаш партиясының демеушілерінің бірі болған. Алаш автономиясы құрылған кезде мемлекеттік бюджеті болған жоқ. Сонда қалталы азаматтар көмектесіп, қаржылай қолдау көрсеткен болатын. Ертең осы Әлти байдың құрметіне ғылыми конференция өткізіп, аруағына құран бағыштаймыз.

Алаш қайраткерлері мен оларға қолдау көрсетіп, демегендердің барлығы елдің бірлігі мен берекесін қалады. Халқының азаттығы мен бостандығы үшін күресті, еңбек етті. Алайда, мектеп оқулықтарын ақтарсаң, қоғам қайраткерлері жайлы мағлұмат өте аз. Алдағы екі-үш жылда олқылық жойылмақ. Қазір Елордадағы Мемлекет тарихы институты дәл осы істі қолға алған. Ғалымдар Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамасын жасауда.

Еркін Әбіл, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы:

– Бұл жұмыс 90-шы жылдары басталды. Бірақ, өткен 20 жылдың ішінде жаңа деректер табылды, зерттеу әдістері пайда болды.

Бірақ, бұл тарихты жаңадан жазу дегенді білдірмейді. Шаруа халық пен елдің өткені туралы әлі айтылмаған, зерттелмеген тұстарды табу және жария етуге бағытталған. Осылайша, кітап беттеріндегі тарихты үзік-үзік емес, тұтас қылу қажет дейді Еркін Әбіл.

Эльмира Садвокасова