Денсаулық сақтау

СҚО-да туберкулез дертіне шалдыққандар саны азайған

Өңірде туберкулезге шалдығу деңгейі төмендеп келеді. Статистикаға сүйенсек, биыл аталған дертке 120 солтүстікқазақстандық шалдыққан. Оның 8-і – кәмелет жасына толмаған балалар. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға төмен. Десе де, қуануға әлі ерте. Көрсеткіштің төмендеуіне басқа себеп әсер етуі мүмкін дейді мамандар.

Мәлік Әденов, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры, НұрСұлтан қаласы:

Қазақстанда 2020 жылмен салыстырғанда ауруға шалдығу көрсеткіші 21,07 пайызға төмендегені белгілі. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығында алғашқы көмек көрсету мекемелері жұмысын тоқтатуына байланысты туберкулезді анықтау төмендеген.

Яғни, Мәлік Әденов айтып отырған кей мекемелер туберкулез инфекциясына шалдыққандарды емес, ең алдымен коронавирус жұқтырғандарды емдеуде.

Раиса Құсайынова, облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары:

– Статистикадағы көрсеткішке қарап қол қусырып отыруға болмайды. Керісінше, медицина қызметкерлері де, тұрғындар да барынша мұқият болуға тырысқандары жөн. Құрт аурына шалдыққан кей жандар әлі анықталмай, ортамызда жүруі мүмкін. Коронавирус белең алғанда туберкулез аяқтан шалуы мүмкін.

Облыс деңгейінде туберкулезге қатысты статистика төмендеп жатқанымен Шал ақын мен Жамбыл аудандарындағы жағдай керісінше ушығып жатқан көрінеді. Бұл аудандарда жыл басынан бері 10-ға жуық науқас тіркеліпті.

Раиса Құсайынова, облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары:

–  Қазір қос аудандағы пациенттер – мамандардың жіті бақылауында. Осыған байланысты бірнеше ай бұрын қаладағы 4-ші емханада туберкулезді емдеуге арналған кабинеттер ашылды. Сондай-ақ, ауруханаларда 250 төсек-орын әзірленді. Ал, М.Жұмабаев ауданында бронх-өкпе патологиясы және постковидті синдромы бар науқастарға арналған 30 орындық оңалту бөлімшесі жұмысын бастады.

Туберкулезді анықтаудың ең тиімді тәсілі – флюорографиялық тексерістен өту. Соңғы 9 айда 264 мыңнан астам адам арнайы зерттеуден өтіп, 101-інің дертке шалдыққаны анықталған.

Маржан Касымбек