Құқық қорғау органдары

СҚО-да 50-ден аса адам маскүнемдіктен емдеуге жіберілді

Биыл ащы су ішіп алып көлік айдағандардың кесірінен облыс жолдарында 16 жол-көлік апаты болған. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 22 кісі түрлі жарақат алған. Заңды елемегендер жауапкершілікке тартылып сотталды. Жақында ұйымдастырылған «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары тіркеуде тұрған ондаған тұрғынды маскүнемдіктен мәжбүрлі емдетуге жіберді.

Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Благовещенка селосында орналасқан емдеу мекемесіне осы дертке шалдыққан азаматтарды медициналық комиссиядан өткізіп, сот шешімімен сол мекемеге жіберіліп отырады. 2021 жылдың басынан 53 адам жіберілді.

Қазіргі күні Петропавлда ішкілікке салынған 1100-ден аса адам тіркеуде тұр. Мамандар оларды маскүнемдіктен емдеуге жіберуде. Емдеу мерзімі әр түрлі. Оған бірнеше айдан 1 жылға дейін уақыт қажет.

Александр Ружицкий:

– Балам ішіп алған кезде ашушаң болып кетеді. Мүлдем басқа адамға айналады. Тәртіп сақшылары 4 ай қатарынан құжаттарын рәсімдеуге көмектесті. Енді оны емдеуге жібереміз.

«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы ел бойынша желтоқсан айына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандық полицейлер аулааралық бақылау жүргізуде. Мамандар тұрғындармен кездесіп, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шарасын өткізіп жатыр.

Бердимурат Баймухан