Денсаулық сақтау

Өңірде эпидахуал тұрақсыз

Соңғы тәулікте 118 солтүстікқазақстандық коронавирусқа шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Облыс орталығында 41 жағдай тіркелген. Соңғы екі аптада “қызыл” аймақта тұрған өлкемізде 1200-ге жуық адам тәж вирусын жұқтырған. Бұл оның алдындағы қос аптадағы көрсеткіштен 10 пайызға көп. Осыған байланысты санитар дәрігерлер өңірде эпидахуал тұрақсыз деген қорытындыға келіп, карантин қағидаларын қатаңдатты.

Енді “Ашық” жобасына қатыспайтын сауда-ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері мен фитнес орталықтары және аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда орындарының жұмысы сенбі және жексенбіде тоқтатылады. Қаулы қазанның 9-ынан, яғни ертеңнен өз күшіне енбек.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Сондай-ақ, діни объектілерде жабық кеңістікте ұжымдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Жеке, топтық жаттығуларға арналған мәдени объектілердің қызметі, театрлардың, кинотеатрлардың, концерт залдарының жұмысы тоқтатылады, спорттық шаралар көрерменсіз өтеді.

Эльмира Садвокасова