Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде айына 5 млн дана кірпіш өндірілмек

Тура бір жыл бұрын бұл жер бос жатты. Ал қазір 50-ге жуық адам бел жазбай еңбек етуде. Олар әжептәуір аумақты алып жатқан нысан тұрғызуда. Бұл – болашақ кірпіш зауыты.

Бүгінде құрылысшылар жалпы шаруаның 90 пайызын тәмамдаған. Нақтырақ айтатын болсақ, 2 бірдей блок тұрғызылған. Олардың әрқайсысында ұзындығы 137 метрді құрайтын пеш пен кептіру камерасы салыныпты. Енді мұнда қажетті қондырғыларды орнату қажет.

Вадим Искиндиров, «Кирпич СК» ЖШС бас инженері:

– Біздің зауытта өндірілетін материалдың сапасы жоғары болмақ. Кәсіпорында 2 түрлі кірпіш шығарылатын болады. Олар: беткі кірпіш пен забутовочный. Соңғы аталған өнім барлық параметрлер бойынша М200 кірпішіне сәйкес келеді. Яғни, 1 квадрат сантиметрге шаққанда 200 келіге дейінгі салмақты көтере алады. Жоспар бойынша құрылыс материалының сынама легі желтоқсан айында шығарылмақ.

Бірақ, зауыт толық қуаттылыққа келесі жылы шықпақ. Бос орында тағы қосымша пеш пен кептіру камерасы салынбақ. Осылайша, кәсіпорын тәулігіне – 165 мың, ал айына 5 млн дана өнім өндіруді жоспарлап отыр. Жалпы, зауыттың жылдық қуаттылығы 60 млн дананы құрамақ. Бұл көлем құрылыс материалына деген ішкі қажеттіліктің 50 пайызын жабуға мүмкіндік береді.

Вадим Искиндиров, «Кирпич СК» ЖШС бас инженері:

– Жергілікті зауыт кірпішке деген сұраныстың – 50, тіпті, одан да көбін жабуы мүмкін. Яғни, алдағы уақытта өлкеге материалды алыстан тасымалдаудың еш қажеті туындамайды. Өнімнің бағасы да қолжетімді болмақ. Толық қуаттылыққа шығып жатсақ, кірпіш еліміздің өзге де аймақтарына жеткізілетін болады.

Жобаны іске асыруға 1 жарым млрд теңге жеке инвестиция тартылыпты. Алдағы уақытта зауытта 60 жұмыс орны ашылмақ.

Дана Ешкенова