Білім

Корнеевка көркейіп келеді

Корнеевка орта мектебі 50 жыл бұрын бой көтерген. Бірақ, содан бері жөндеу көрмепті. Терезелері тозып, іші сыз тартқан. Биыл білім ошағын жаңарту үшін республикалық бюджеттен 143 млн теңге бөлінді. Оған мектептің есіктері мен терезелері және шатыры толығымен ауыстырылған. Бір сөзбен айтқанда, оқу ұясына қайтадан өң кіргендей.

Сәкен Шәймерденов, Корнеевка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Ремонт майда басталып, тамыздың аяғында аяқталды. 1-ші қыркүйекте 1-ші сыныпқа келген балаларға линейка өткізіп қарсы алдық. Мектепте 38 мұғалім, 187 бала бар. Ата-аналар, оқушылар атынан рахмет айтамыз.

Білім ошағында 38 мұғалім еңбек етеді. Жас маман Светлана Емельянованың айтуынша, жып-жылы жерде қалағаныңша жұмыс істеуге болады. Даярлық тобының мұғалімі кешке дейін бітпей қалған шаруаларын осында тындырады екен.

Светлана Емельянова, Корнеевка орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:

– Корнеевка орта мектебінде жұмыс істеп жүргеніме биыл – 5-ші жыл. Алғаш рет келгенде білім ұясы мүлдем басқаша еді. Биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іші адам танымастай өзгерді. Бұрын оқушылар сырт киіммен отыратын. Өзіміз де қатты тоңып, үйге асығатын едік.

Күрделі жөндеу жұмыстарынан елді мекендегі мәдениет үйі де шет қалмады. Бұрын-соңды қалыпқа келтірілмеген мекемені жаңарту ісі шілденің 27-сі басталған. Бүгінде сыртқы шаруалар толығымен тындырылып, тек іші ғана қалыпты. Мердігерлер сонау Алматы қаласынан келген.

Ербол Аралбаев, мердігер серіктестіктің басшысы:

– Мәдениет үйін жөндеу үшін 111 млн теңге бөлінді. Сәкілері дайын, жылу қосылып тұр. Енді сылау мен бояу жұмыстары қалды. Сыртының толық демонтажы өтті. Үстіне 10 см утепление қойылды. Терезелері 100 пайыз ауыстырылды.

Үстіміздегі жылы Корнеевка ауылында біршама істің басы қайырылған. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен бөлінген 153 млн теңгеге 4 көшенің асфальт жабындысы жаңартылған екен. 2 аптадан кейін тротуар да дайын болады.

– Жолдың жағдайы мүшкіл еді. Қазір велосипедпен де, көлікпен де емін-еркін жүруге болады.

– Бір жерге көлікпен жетудің өзі бір машақат болды. Ойылып жатқан жол, міне, жақсарып қалды.

Келесі жылы Корнеевка ауылындағы қалған жолдар да жөндеу көреді.

Алтынай Казиканова